Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Зайсан қаласы әкімінің аппараты
Зайсан қаласы аудан орталығы болып саналады. Жалпы халық саны бүгінгі күні мөлшермен 15065 адам. Зайсан қаласының аумағы 18832 гектар жерді алып жатыр. Қаланың ірге тасы 1864 жылы қаланып, 1868 жылы ресми түрде қала статусы берілген. Зайсан қаласы облыс орталығы Өскемен қаласынан 470 км қашықтықта орналасқан. Ең жақын теміржол станциясы Жаңғызтөбе 378 км қашықтықта орналасқан. Өскемен-470 км, Семей-496 км, Алматы-1200 км, Астана-1200 км.
Зайсан қаласы алты мөлтек ауданға бөлінген:
- Өзеннің арғы жағалауы
- Сауыр мөлтек ауданы
- Маңғыстау мөлтек ауданы
- Мөлтек ауданы
- ПМК мөлтек ауданы
- ДЭУ мөлтек ауданы
Көлік түрлері - әуе, автомобиль қатынастары арқылы.
Бүгінгі күні Зайсан аудандық аурухана және №1 жанұялық емхана қала тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуде.
Қаладағы ең ірі өнеркәсіп ЖШС «Сайхан». Ол негізінен жергілікті Кендірлік көмір кенінен көмір өндіріп, аудан сұранысын қамтамасыз етуде. Өндіріс өнімдері мен халыққа көрсетілетін қызметтің қалған бөлігі, үлкенді-кішілі басқа өнеркәсіп мекемелелерінің үлесінде. Зайсан қаласында минерал су шығаратын зауытты «СМУ Шығыс» мекемесі 2006 жылы іске қосылды.
Зайсан қаласында ауданымыздың Рухани байлығының орталығы болып отырған қаламыздағы аудандық мәдениет үйі, мұражай, аудандық және балалар кітапханасы жұмыс істейді. Қала жастарына, спорт сүйер қауымына аудандық мәдениет үйі жанындағы және 5 мектеп спорт залдары арнайы кесте бойынша жұмыс істейді. Оның сыртында орталық стадион, хоккей корды, су бассейіні, мини футболдық алаңы жастар еншісінде. Соңғы екеуі ауданда спорттың жаңа екі түрін дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. Сондай-ақ 2003 жылы Зайсан аудандық әкімшілігің алдына, қаланың орталығына орталық алаң салынып, жастар мен қала жұртшылығының демалатын орындарының бірі болды. Қаламызда 78 көше болса, орталық Жангелді-Желтоқсан көшелерін күрделі жөндеу және жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Қаладағы М. Аубакиров саябағы, Зәкиев саябақтары жастардың дем алатын орындарына айналған. Қаламызда екінші 60-пәтерлі үй құрылысы 2012 жылдың сәуір айында басталып кетті.