Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылдық округі әкімінің аппараты

    Әкімдік туралы

    Іргетасы 1909 жылы Ресейден қоныс аударған мұжықтардың елді мекен салуынан қаланады. Елді мекеннің атын, Балқантау тауынан бастау алатын "Егіндібұлақ" атты бұлақтың атын мұжықтардың орыс тіліне "Хлебородное" деп аударуымен, сол кездегі Орынбордың генерал – губернаторы өз бұйрығымен бекітеді.

    1928 жылғы 17 қантарда Қарқаралы уезіне қарасты Қу, Едірей және Байыр болыстарының ауқымды бөлігі негізінде құрылып, оның әкімшілік орталығы болып – "Хлебородное" ауылы белгіленеді. 1930 жылы Қазақ КСР -і Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы жергілікті халықтың сұрауы бойынша аудан орталығының атауын – Егіндібұлақ ауылы деп өзгерту туралы өз Қаулысын қабылдайды.

    Егіндібұлақ өңірі туған еліне ғана емес, көршілес әрі алыстағы елдерге ақыл-парасатымен, қайраткерлік істерімен, туа біткен өнерімен кең танымал болған – қазақ елін таныта, мойындата білген Ұлы адамдардың мекені. Бұл өңірде қазақ халқының біртуар ұлы, ірі мемлекет қайраткері Қаздауысты Қазыбек би Келдібекұлы, ұлы күйші Тәттімбет Қазанғапұлы, ақиық ақын-сазгер Мәди Бәпиұлы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақұлы Нұрмақов сынды көптеген ірі тұлғалар туып өскен. Сондай-ақ бұл өңір - ұлы Абай Құнанбайұлының анасы Ұлжанның туған жері, яғни ұлы ақынның нағашы жұрты.

    Ауылда қазақтың үш биінің бірі – Қаздауысты Қазыбек би Келдібекұлына, шертпе күйдің негізін салушы кемеңгер сазгер Тәттімбет Қазанғапұлына және қазақтың біртуар перзенті, әйгілі сазгер, ақиық ақын Мәди Бәпиұлына ескерткіштер орнатылған.

    Егіндібұлақ ауылы – Қарқаралы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 85 км-дей жерде, Балқантау тауының баурайында орналасқан. Тауында қарағай, қайың, липа сияқты ағаштар мен басқа көкжелектер тұқымына жататындар өседі, арқар, қасқыр, түлкі, сілеусін, қоян және шыл, күрке тауық пен тағы да басқадай аңдар мен құстар мекендейді. Ауыл аумағында балық өсірілетін "Шұбаркөл" атты көл, оннан астам бұлақтар бар. Ауылдың жер аумағы 23,5 мың га құрайды, оның ішінде 21097 га ауылшаруашылық жерлеріне (жайлымдық) жатады. Құрылыс пен жолдарға, электр желістері мен телефон байланысына 2403 га бөлінген.

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.