БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы

    akimat-mangistau-rayon

    akimat-mangistau-rayon·

    БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы

    Өткен бес жарым жыл ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге ақы төлеуге 5,8 трлн теңгеден астам зейнетақы жинағы пайдаланылды.

    Оның ішінде ең көп қаражат 2021 жылы алынды – шамамен 2,6 трлн теңге. 2022-2023 жылдары үрдіс төмендегенімен, соңғы жылдары жинақтарды алу көлемі қайта артып, 2025 жылы 1 трлн теңгеден асты.

    Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету, «мақсатымыз – бүкіл жинақты қазір үлестіріп, азаматтарды қарттық шағында лайықты зейнетақысыз қалдыру емес» екенін қадап айтқан болатын.

    Жыл

    БЖЗҚ өтінім берушілердің арнайы шоттарына есептеу үшін уәкілетті операторларға аударды:

    Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға
    (сома, млн теңге)

    Емделу ақысын төлеуге
    (сома, млн теңге)

    2021

    2 468 085

    126 542

    2022

    703 232

    192 391

    2023

    170 905

    100 386

    2024

    396 683

    173 875

    2025

    824 360

    391 733

    1.01.2026 ж. бастап 31.05.26 ж. дейін (01.06.2026 жағдай бойынша)

    318 206

    333

    Осы жылдары алынған қаражат көлемі азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету сияқты тікелей міндетті шешуге бағытталған сомадан айтарлықтай асып түсті. Тіпті Қордан алынған қаражат көлемі кейбір жылдары түскен жарналардан да асып кетті.

    Сондай-ақ жинақтарды шығару олардан алынбай қалған инвестициялық кірістің өсуіне әкеп соғады. Ұзақ мерзімді перспективада бұл зейнеткерлік жастағы жинақтардың айтарлықтай азаюына себеп болады.

    Еске сала кетейік, Қазақстанда салымшылардың зейнетақы жинақтарындағы жинақталған инвестициялық кірістің үлесі өсіп келеді және қазір шамамен 40%-ды құрайды, ал халықаралық тәжірибеде бұл көрсеткіш әдетте 80%-дан асады.

    Дамыған елдерде зейнетақы активтері инвестиция көзі және экономиканың тұрақты өсімінің негізі болып саналады. Озық елдерде жинақталған зейнетақы активтері ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 100%-ынан асады, ал Қазақстанда қазір зейнетақы активтері әлі де ІЖӨ-нің шамамен 16%-ын ғана құрап отыр.

    Әлемде жинақтаушы зейнетақы жүйесінің басты міндеті – болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету. Сол себепті азаматтардың болашақ зейнетақысының лайықты болуы үшін зейнетақы жинақтарын сақтау және оларды Қазақстандағы және халықаралық нарықтардағы ұзақ мерзімді инвестициялау есебінен одан ары арттыру маңызды.

    Ұқсас материалдар

    Ақпарат

    Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін есептеудің жаңа Әдістемесі күшіне енді

    Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін есептеудің жаңа Ә дістемесі күшіне енді Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 21 мамырдағы №422 [1] қаулысының талаптарын орындау мақсатында БЖЗҚ бұқаралық ақпарат құралдарында және өзінің ресми интернет-ресурсында есептеу әдістемесіне енгізілген өзгерістерді ескере отырып, 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін (ТЖШ) жариялады. Жаңа Әдістемеге сәйкес ТЖШ мөлшері болашақтағы нысаналы зейнетақы төлемдерінің көрсеткіштеріне негізделіп айқындалады және салымшының әрбір жасына қарай ай сайынғы төлемдердің келтірілген құнын есептеудің стандартты формуласы арқылы есептеледі. Аталған формула болашақтағы төлемдердің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді демографиялық (ұлттық демографиялық кестелер) және қаржылық (кірістілік мөлшерлемелері мен төлемдерді индекстеу көрсеткіштері) факторларды ескереді. Төлемдердің келтірілген құнын есептеу формуласы қажетті жинақ көлемін анықтаудың халықаралық тәжірибесіне негізделген. Сондықтан есептеу нәтижелері макроэкономикалық көрсеткіштер болжамдарының өзгеруіне азырақ тәуелді болады. Сонымен қатар есептеулерде бұрынғыдай республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын белгіленетін ең төменгі зейнетақы мен ең төменгі жалақы мөлшерлері пайдаланылады. Бұл ретте формулада жинақтың бір бөлігін пайдаланған сәттен бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі кезеңде түсетін болашақ зейнетақы жарналары есепке алынбайды. Мұндай тәсіл жинақтарының бір бөлігін пайдаланған азаматтардың болашақта төмен мөлшердегі жинақтаушы зейнетақы алу қаупін азайтуға бағытталған. Сонымен бірге зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге пайдалану құқығы сақталады. Зейнетақысы бұрынғы табысының кемінде 40%-ын құрайтын зейнеткерлер тұрғын үй және емделу мақсаттарына жинақтарының 50%-ына дейін пайдалана алады. Сондай-ақ зейнетақы аннуитеті шартын жасаған азаматтар мен мемлекеттен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алатын тұлғалардың зейнетақы шотында қалған қаражатты толық көлемде пайдалану құқығы бар. Ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинақтарды пайдалану мүмкіндігі де сақталады. Алайда азаматтардың болашақта жеткілікті әрі тұрақты зейнетақы төлемдерін алуын қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріле отырып, алуға болатын қаражат көлемін айқындау тәсілдері жетілдірілуде. ТЖШ мөлшері салымшының жасына қарай 79% және одан жоғары өсті. Яғни зейнеткерлік жас жақындаған сайын болашақтағы зейнетақы төлемдеріне қойылатын талаптар күшейіп, зейнетақы шотында сақталуға тиіс қаражат көлемі де артады. Осыған байланысты зейнеткерлік жасқа жақындаған азаматтар үшін ТЖШ мөлшері екі еседен астам ұлғайды. Бұл олардың зейнетақы жинақтарының шоттарында сақталып, әрі қарай инвестициялануын қамтамасыз етеді және болашақтағы зейнетақы төлемдерінің едәуір артуына мүмкіндік береді. Бұрынғы Әдістеме бойынша жинақтың бір бөлігін алғаннан кейінгі төлемдер медиандық жалақының шамамен 15%-ын құраса, жаңа Әдістеме бойынша бұл көрсеткіш медиандық жалақының шамамен 40%-ына дейін жетеді. Осылайша, ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындаудың жаңа әдістемесі салымшылар үшін неғұрлым ашық әрі болжауға ыңғайлы және халықаралық стандарттарға сәйкес азаматтардың зейнеткерлік кезеңде тұрақты зейнетақы кірісімен қамтамасыз етілуіне бағытталған. [1] Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 21 мамырдағы №422 қаулысы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, оларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтару қағидаларын, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін, алушының орташа айлық кірісін зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін айқындау әдістемесін, зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 521 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

    akimat-mangistau-rayonЖарияланды:
    Ақпарат

    «Ұлттық қор - балаларға»: қазақстандықтар тұрғын үйге және білім алуға 58 млн АҚШ долларына жуық қаражат жұмсады

    «Ұлттық қор - балаларға»: қазақстандықтар тұрғын үйге және білім алуға 58 млн АҚШ долларына жуық қаражат жұмсады 2026 жылдың 1 мауысымындағы жағдай бойынша бағдарлама іске қосылған 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап нысаналы жинақтарды (НЖ) пайдалануға берілген 316 223 өтініш орындалып, жалпы сомасы 57,88 миллион АҚШ долларына жуық қаражат өтініш берушілердің банктік шоттарына есептеу үшін уәкілетті операторларға аударылды. Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуды көздейді: 36,94 млн АҚШ доллары сомасына 201 245 өтініш орындалды. Білім беру ақысын төлеу үшін 20,94 млн АҚШ доллары сомасына 114 978 өтініш орындалды. НЖ алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы. Егер қаражаттың бір бөлігі талап етілмесе, қалдық нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) 10 жыл бойы сақталады. Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаты – одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (36,23 млн АҚШ долларына 196 893 өтініш). Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна ретінде енгізу үшін 1 498 өтініш беріліп, олар бойынша 248,94 мың АҚШ доллары аударылса, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алуға (түпкілікті есеп айырысу) – 156,59 мың АҚШ долларына 989 өтініш орындалды. Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (19,68 млн АҚШ долларына 106 315 өтініш орындалды), білім беруге жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беруге жинақтау салымын толықтыру (842,16 мың АҚШ долларына 5 947 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеуге (319,33 мың АҚШ долларына 2 114 өтініш орындалды) төлем жасау. Нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында төлеу туралы уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық бір балаға 130,71 АҚШ доллары кезекті есептеу жүргізілді. 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары , 2023 жылы - 100,52 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат аударылған болатын. 18 жасқа дейінгі балаларға жыл сайын Ұлттық қордан бөлінетін сомалар олардың БЖЗҚ-да ашылған шоттарында ескерілетін нысаналы талаптар түрінде есептеледі. Бұл ретте, заңнамаға сәйкес, жас қазақстандықтарға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында қалады және инвестициялануын жалғастырады. Одан әрі инвестициялау нәтижесінде жыл сайын әрбір баланың нысаналы талаптарының сомасы алынған инвестициялық табыс есебінен қосымша өседі. Нәтижесінде бағдарламаға қатысатын балада барлық жинақталған нысаналы талаптардың жиынтық сомасы (жыл сайын қосымша есептелетін инвестициялық кірісті қоса алғанда) : - үшінші жыл - 370 доллар 56 цент; - екінші жыл - 263 доллар 93 цент; - бірінші жыл қатысып отырған баланың шотында 130 доллар 71 цент. 18 жасқа толмаған баланың бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты оның ата-анасы және өзге де заңды өкілдері kids.enpf.kz сайтында баланың ЖСН бойынша, eGov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте, сондай-ақ eGov Mobile және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында тексере алады. Егер балаларға 2025 есепті жылы есептелген нысаналы талаптар туралы ақпарат көрсетілмесе, онда мобильді қосымшалардағы құжаттарды төменде көрсетілген жолмен жаңарту қажет: eGov Mobile қосымшасында: "Цифрлық құжаттар" - "Отбасы" - "Құжаттар тізімін жаңарту" - "Ұлттық қордан есептеулер"; екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында, мысалы Kaspi.kz: "Мемлекеттік қызметтер " - "Барлық құжаттар" - "Құжаттар тізімін жаңарту" - "Ұлттық қордан есептеулер". Биыл 18 жасқа толған немесе толатын балаларға есептелген нысаналы талаптар туралы мәліметтердің заңды өкілдің жеке кабинетінде көрсетілмеуі нысаналы талаптардың нысаналы жинақтарға (НЖ) айналуына байланысты. Осыған орай, есептелген қаржы туралы ақпаратқа қол жеткізу құқығы тікелей НЖ алушыға , яғни 2026 жылы 18 жасқа толған немесе толатын азаматқа беріледі. Аталған азаматтар НЖ туралы ақпаратты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры интернет-ресурсындағы немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы өз бетінше алуы тиіс. Ал 18 жасқа толғаннан кейін НЖ төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу мақсатында алу үшін уәкілетті операторға жүгініп, АҚШ долларымен банктік шот ашып, онлайн-өтініш беруі қажет. Бүгінгі күні уәкілетті операторлар: "Отбасы банкі" АҚ (тұрғын үй және білім алу ақысын төлеу), "Халық банкі" АҚ (білім алу ақысын төлеу), "Банк ЦентрКредит" АҚ (білім алу ақысын төлеу). Нысаналы талаптарға қатысушы кәмелетке толмаған балалар және нысаналы жинақтарды кәмелетке толған алушылар бойынша, сондай-ақ нысаналы жинақтарды тұрғын үйге және (немесе) білім алуға пайдалану жөніндегі статистикамен enpf.kz сайтында танысуға болады. kids.enpf.kz сайтында Бағдарламаның шарттарымен танысып, қажетті нұсқаулықтар алып, өзіңізді қызықтыратын сұрақтарыңызға жауап алуға болады. БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында осы тақырып бойынша бейне нұсқаулықты көруге болады: «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ж.Б. Құрмановтың бейнетүсініктемесі: https://www.youtube.com/watch?app=desktop&v=30CdPWl6dv0 «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры М.Т. Шәріповтың бейнетүсініктемесі: https://www.youtube.com/watch?v=APg2vATmMk0 «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша «Сұрақ-жауап» бейнетүсініктемесі: https://www.youtube.com/watch?v=4cKr1VCAvUk https://www.youtube.com/watch?v=mrV0y37Gjnk «Ұлттық қор – балаларға» сайты бойынша нұсқаулық: https://www.youtube.com/watch?v=VgP3dmMwAHc https://www.youtube.com/watch?v=jyC2c-HgqpQ «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру туралы нұсқаулық: https://www.youtube.com/watch?v=bqeT41rWecA https://www.youtube.com/watch?v=pNBSS1VHdWU

    akimat-mangistau-rayonЖарияланды:
    Ақпарат

    Отандастарымыздың зейнетақы жинақтары 26,74 трлн теңгені құрады

    Отандастарымыздың зейнетақы жинақтары 26,74 трлн теңгені құрады Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының көлемі 2026 жылдың 1 мамырына 26,74 трлн теңгеден асты. 12 айдағы өсім 3,64 трлн теңгеге немесе 15,8%-ға өсті. 2026 жылдың 1 мамырында міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының көлемі 24,97 трлн теңге . Бір жылдағы өсім 3,09 трлн теңге (14,1%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтары – 731,99 млрд теңге, 12 айдағы өсім – 10,6%. Бір жыл ішіндегі ең үлкен өсім – 16,4% ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, 2026 жылдың 1 мамырында олардың көлемі – 9,76 млрд теңге . Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2024 жылғы 1 қаңтардан түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) да ұлғаюда. Былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 2,7 есеге ұлғайып, 2026 жылдың 1 мамырына 1023,59 млрд теңге болды. Түсімдер Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. 2026 жылдың алғашқы 4 айында салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 1184,98 млрд теңге түсті, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 14,6%-ға (немесе 150,79 млрд теңгеге) артық. МЗЖ есебі жүргізілетін жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) 2026 жылдың басынан бастап 2026 жылғы 1 мамырға дейін 914,11 млрд теңге (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 7,2%-ға ұлғайды), МКЗЖ – 51,04 млрд теңге (өсім – 9,8%), ЕЗЖ – 640,89 млн теңге түсті. 12 айдағы ЖМЗЖ есебінен жарналар 219,19 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері салымшылардың шоттарына түскен таза инвестициялық кіріс 41,61 млрд теңгені құрады. Төлемдер мен аударымдар 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар 522,73 млрд теңгені құрады. Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер 97,98 млрд теңгеге жетті. БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша берілетін орташа айлық төлем – 38 952 теңге. 2026 жылдың басынан бері тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) 205,62 млрд теңге, мұрагерлік бойынша 41,25 млрд теңге , ҚР-дан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 14,21 млрд теңге , мүгедектігі бар адамдарға – 1,22 млн теңге , жерлеуге – 3,23 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Сақтандыру ұйымдарына 159,22 млрд теңге аударылды. ЖЗШ саны 2026 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны – 18,62 млн. бірлік (12 айдағы өсім – 1,10 млн бірлік немесе 6,3%). Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ саны 2026 жылдың 1 мамырында 12,78 млн бірлік болды. Оның ішінде: 11,33 млн - МЗЖ бойынша, 778,06 мыңы - МКЗЖ бойынша, 474,07 мыңы – ЕЗЖ есептелетін шоттар. Айта кетейік, МЗЖ есебі жүргізілетін шоттардың жалпы санына (11,33 млн бірлік) елден тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен, бірақ жинақтарын алу үшін жүгінбеген алушылардың, мұрагерлері зейнетақы жинақтарын мұраға ресімдемеген қайтыс болған салымшылардың, 2016 жылдан бастап зейнетақымен мемлекеттік қамсыздандырылуға толық ауыстырылған әскери қызметшілердің және шоттарына Қазақстан заңнамасына сәйкес жарналар түспеуі тиіс салымшылардың (алушылардың) басқа да санаттарының шоттары кіреді. БЖЗҚ-дағы ЖМЗЖ туралы мәліметтер ескерілетін шартты зейнетақы шоттарының саны - 5,84 млн бірлік. Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және аналитика» бөлімінде орналастырылған.

    akimat-mangistau-rayonЖарияланды:
    Ақпарат

    Қазақстандықтарға соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс 2,1 трлн теңгеден асты

    Қазақстандықтарға соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс 2,1 трлн теңгеден асты Қазақстандықтардың инвестициялық кірісі Қазақстан Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ), сондай-ақ инвестициялық портфельді жеке басқарушылардың (ИПБ) зейнетақы активтерін басқару есебінен қалыптастырылады. ҚРҰБ-ның міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен зейнетақы активтерін басқару жөніндегі инвестициялық қызметінің нәтижесінде 2025 жылдың мамырынан бастап 2026 жылдың сәуіріне дейінгі 12 айда есептелген инвестициялық кірістің мөлшері шамамен 2,00 трлн теңгені құрады, осы кезеңдегі кірістілік 8,57% болды. Осы уақыт аралығында жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша есептелген инвестициялық кіріс 108,19 млрд теңгені құрады, кірістілік 17,49%. Еске сала кетейік, сенімгерлік басқарушылар валюталар, елдер, экономиканың секторлары мен эмитенттер бойынша әртараптандырылған түрлі қаржы құралдарына инвестиция сала отырып, теңгерімді инвестициялық саясат жүргізеді. Инвестициялық кіріс бірнеше көзден қалыптасады: бағалы қағаздар бойынша сыйақы (депозиттер мен өзге де операциялардан түсетін кірістер), қаржы құралдарының нарықтық және валюталық қайта бағалануы, сыртқы басқаруға берілген активтердің нәтижелері және басқа да факторлар есебінен. Осылайша, инвестициялық кірістің көлемі бірқатар жағдайларға тәуелді: портфельдегі қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне, валюта бағамдарының ауытқуына, инфляция деңгейіне, дивидендтер төленуіне және өзге де ықпал ететін факторларға. Әр кезеңде табыстылық өсіп те, төмендеп те отыруы мүмкін, бұл өз кезегінде салымшылардың жалпы зейнетақы жинақтарының көлеміне әсер етеді. Ағымдағы жылдың басынан бері Қазақстан Ұлттық Банкінің басқаруындағы зейнетақы активтері бойынша инвестициялық кірістің төмендеуінің негізгі себебі — теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы салдарынан туындаған валюталық активтердің теріс бағамдық қайта бағалануы. Атап айтқанда, АҚШ долларының бағамы 505,53 теңгеден 462,91 теңгеге дейін төмендеді. Қаржы нарығының құбылмалылығына қарамастан, орта және ұзақ мерзімді перспективада оң инвестициялық кіріс және зейнетақы жинақтарының нақты кірістілігі қамтамасыз етіледі. 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап жинақталған инвестициялық кірістілік 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша өспелі қорытындымен бүкіл кезеңдегі 979,41% инфляция кезінде 1 060,20% құрады. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 01.04.2014 жылдан бастап (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) жинақталған, ҚРҰБ тапқан таза инвестициялық кіріс – 10,21 трлн теңге . Оның салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі үлесі – жүргізілген төлемдер есебімен 39,7% құрайды, бұл инвестициялық қызметтің зейнетақы жинақтары құрылымындағы маңыздылығының айғағы. Зейнетақы активтерінің жекелеген қысқа мерзімді кезеңдердегі кірістілігі оларды ұзақ мерзімді басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайды. Кірістілік деңгейі қаржы құралдарының, валюта бағамдарының және кезеңнен кезеңге дейінгі өзге де көрсеткіштердің нарықтық құнының құбылмалылығына байланысты екенін атап өту маңызды. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін объективті талдауды ұзақ мерзімді кезеңге жасаған жөн. Естеріңізге сала кетейік, салымшылар зейнетақы активтерінің бір бөлігін (міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін) реттеушінің талаптарына сәйкес келетін жеке инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) басқаруға аударуға құқылы. Ұзақ мерзімді кезеңде зейнетақы активтерін сақтауға және олардың оң кірістілігін қамтамасыз етуге бағытталған ҚРҰБ-ның неғұрлым консервативті басқаруымен салыстырғанда, ИПБ-ның инвестициялық декларациялары мен реттеушінің талаптары зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыру үшін ИПБ-ға кең инвестициялық мүмкіндіктер береді (бұл ретте ИПБ-ның тәуекелдері де жоғары). Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың бүкіл жүйесі ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде немесе мобильді қосымшада өзінің инвестициялық табысын көруге мүмкіндігі бар. БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат БЖЗҚ ресми сайтында "статистика және талдау/зейнетақы активтерін инвестициялық басқару" бөлімінде жарияланады ( https://www.enpf.kz/kz/ ).

    akimat-mangistau-rayonЖарияланды:
    Ақпарат

    Маңғыстау ауданының учаскелік сайлау комиссиясы құрамына өзгеріс енгізу туралы ХАБАР

    Маңғыстау ауданының учаскелік сайлау комиссиясы құрамына өзгеріс енгізу туралы ХАБАР Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 20-бабының 12-тармағына сәйкес Маңғыстау ауданының аумақтық сайлау комиссиясы №171 учаскелік сайлау комиссиясы құрамына өзгерістер енгізілгені туралы хабарлайды: Рахметов Амангелды Хабидоллаевич сайлау өткізу кезеңінде кандидатқа тікелей бағынышты адам болуына байланысты, Маңғыстау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 05 маусымдағы №17 қаулысымен Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Сайөтес ауылдық округінің әкімін сайлау науқаны кезеңіне №171 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі міндеттерін орындауды тоқтата тұрады. Өкілеттіктері тоқтатыла тұрған учаскелік сайлау комиссиясы мүшесінің орнына сайлау науқаны кезеңіне Сатыбалдиева Жанагул Бимырзаевна тағайындалды.

    akimat-mangistau-rayonЖарияланды:
    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.