Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық – адамның өміріне, денсаулығына, қадір-қасиетіне және қауіпсіздігіне қол сұғатын адам құқықтарының өрескел бұзылуы. Зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, экономикалық және жыныстық сипатта көрініс тауып, жәбірленушілерге ұзақ мерзімді зиян келтіреді, сондай-ақ отбасы мен қоғамның әл-ауқатына кері әсерін тигізеді.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында азаматтарды отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейтуге бағытталған кешенді шаралар қабылданды. Заңнамаға енгізілген өзгерістер отбасылық-тұрмыстық саладағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді. Бұрын әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылған бірқатар әрекеттер қылмыстық жауаптылыққа жатқызылды. Денсаулыққа қасақана зиян келтіру, ұрып-соғу және өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтілді.
Заңнамалық өзгерістер құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін жетілдіруге, жәбірленушілерді қорғау шараларының тиімділігін арттыруға және құқық бұзушылардың жауапкершіліктен жалтармауын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте әйелдердің, балалардың және осал жағдайдағы өзге де адамдардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі маңызды шарттардың бірі – қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Әрбір адам қауіпсіз өмір сүруге, өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетінің құрметтелуіне және мемлекет тарапынан қорғалуға құқылы. Зорлық-зомбылық фактілеріне тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына және өзге де уәкілетті мекемелерге уақытылы жүгіну қажет.
Заңнамалық кепілдіктерді күшейту – адам құқықтары, қауіпсіздік және жеке тұлғаның қадір-қасиеті басты құндылық болып саналатын қоғам құру жолындағы маңызды қадам.