Сурдлимпиада 2025: тоғызыншы жарыс күннің қорытындысы

    Орган
    sport
    Орны
    Япония, Токио
    Мәртебе
    Аяқталды
    Формат
    Тікелей
    Сурдлимпиада 2025: тоғызыншы жарыс күннің қорытындысы
    ОлимпиадаАяқталды

    Бүгін XXV-ші жазғы Сурдлимпиаданың тоғызыншы жарыс күні мәресіне жетті. Ұлттық құрама спортшылары еркін күрес, жеңіл атлетика, таеквондо, үстел теннисі, бадминтон және жүзуден сынға түсті.

    Еркін күресте Қазақстан құрамасы 5 медаль жеңіп алды: бір «алтын», бір «күміс» және үш «қола».

    Шадияр Пернеш (65 кг) финалдық белдесуде ирандық Кейван Ростамабадиді 4:2 есебімен жеңіп, Сурдлимпиада чемпионы атанды.

    Габит Есжанов (57 кг) финалда ирандық Мохаммад Шиавошимен белдесіп, 6:15 есебімен есе жіберді. Осы нәтижемен ол Сурдлимпиаданың күміс жүлдегері атанды.

    Ғасыр Тұрғынбай (74 кг) алдымен бейтарап спортшы Алексей Калесныйды 22:8, кейін украиндық Денис Трегубенконы 11:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, қола медаль иеленді.

    Сабыржан Рсалы (86 кг) грек балуаны Николаос Иосифидисті 16:5 есебімен ұтып, қола жүлдені қанжығасына байлады.

    Хайратхаан Шонку (125 кг) үндістандық Ган Шьямды 12:1 есебімен техникалық басымдықпен жеңіп, қола медаль иегері атанды.

    Бексұлтан Малайдар 97 келіге дейінгі салмақтағы қола жекпе-жегінде ирандық Ерфан Саттариге жол беріп, жарысты аяқтады.

    Үстел теннисінен командалық бәсекеде Қазақстанның ерлер құрамасы қола медаль иеленді.

    Ұлттық құрама командалық дисциплинадағы топтық кезеңде Колумбияны – 3:0, Польша құрамасын – 3:1, ал ширек финалда Үндістанды 3:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда Қытай командасымен кездесіп, 0:3 есебімен есе жіберді.

    Командалық сайыста ұлттық құрама сапында Қанат Конкубаев, Данияр Ескендиров, Бижан Тулебаев және Бүркітбай Абылай өнер көрсетті.

    Таеквондода Аида Макатова (-67 кг) Сурдлимпиаданың қола жүлдегері атанды. Аида алғашқы қарсыласы — өзбекстандық спортшыға 0:2 есебімен есе жіберсе, жұбаныш жекпе-жегінде ирандық Иари Шабнамды 2:1 есебімен жеңіп, қола медаль иеленді.

    Виктор Фрундин (+80 кг) алғашқы жекпе-жекте өзбекстандық Достикбек Тошмирзаевты 2:0 есебімен жеңсе, келесі кездесуде түрік спортшысы Бурхан Шимшекке 1:2 есебімен есе жіберді. Жұбаныш кездесуде қытай спортшысы Хи Тайцзунға 1:2 есебімен ұтылып, 5-орынды иеленді. Мөлдір Мукашева (+67 кг) мен Руслан Ахметов (-80 кг) қарсыластарына есе жіберіп, іріктеу кезеңінен өтпеді.

    Жеңіл атлетикада ұзындыққа секіруден финалда өнер көрсеткен Фаина Мейрманова 5 м 17 см нәтижесімен 8-орынға тұрақтады. 5000 метрлік финалдық жүгіруде сынға түскен Қуаншы Темірбаевқа жүлде бұйырмады. 4х400 метр финалдық эстафетада әйелдер құрамасы 4:45.92 уақытпен мәре сызығын 7-ші болып кесті. Ал 4х400 метр эстафетада ерлер құрамасы 3:27.95 нәтижесімен 6-шы орын алды.

    Жүзуден спортшылар 100 м шалқалап жүзу, 50 м еркін жүзу, 200 м брасс, 50 м баттерфляй, 1500 м еркін жүзу және 4х100 м еркін жүзумен аралас эстафета бойынша сынға түсіп, іріктеу кезеңдерінен өте алмады.

    Бадминтоннан командалық сайыста ұлттық құрама Үндістан командасына 0:5 есебімен есе жіберіп, топтық кезеңнен өтпеді.

    Айта кетсек, XXV-ші жазғы Сурдлимпиадада Қазақстан қоржынында 25 медаль бар. Оның ішінде 8 алтын, 4 күміс және 13 қола. Ойындар 15-26 қараша күндері Жапонияның Токио қаласында өтіп жатыр. Бұл – төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын, есту қабілеті зақымдалған спортшылар арасындағы ең беделді халықаралық дода. Байрақты бәсекеде 81 елден келген 3 000-ға жуық спортшы 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада жүлделерді сарапқа салуда. Қазақстан құрамасынан 8 спорт түрінен 78 спортшы қатысуда.

    Летние виды спорта

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.