
Біріккен Ұлттар Ұйымы Саммитке 2023 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған Бас Ассамблеяның 78/147 қарарымен қолдау білдірді. Қарардың атауы — «Экологиялық сын-қатерлер жағдайындағы Орталық Азия: орнықты даму мен өркендеу жолындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту».
Бұл бастама 2024 жылы мемлекеттер басшылары деңгейінде қабылданған бірқатар маңызды саяси құжаттарда бекітілді, соның ішінде:
- Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің Қарабах декларациясында (2024 жылғы 6 шілде, Әзербайжан);
- Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінің Бірлескен мәлімдемесінде (2024 жылғы 9 тамыз, Қазақстан);
- Түркі мемлекеттері ұйымының XXI саммитінің Бішкек декларациясында (2024 жылғы 6 қараша, Қырғыз Республикасы).
2025 жылы бұл бастама Алматы қаласында (Қазақстан) БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуымен өткен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының ашылу рәсімі барысында, сондай-ақ Түрікменстанның Аваза қаласында өткен теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдер жөніндегі БҰҰ-ның III конференциясы аясында одан әрі халықаралық мойындауға ие болды. ӨЭС 2026 БҰҰ-мен және басқа да халықаралық ұйымдармен серіктестікте Орталық Азия елдерін климаттың өзгеруіне қарсы күрес және экологиялық сын-қатерлерді еңсеру бойынша ортақ шешімдер әзірлеу үшін біріктіруге бағытталған. Саммит аясында бейімделу шараларын қолдауға, төмен көміртекті технологияларды дамытуға және өңірдің экологиялық орнықтылығын нығайтуға бағытталған «жасыл» қаржыландыруға деген Орталық Азияның нақты қажеттіліктерін қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Саммит мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, ғылыми және іскерлік қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайта отырып, диалог пен өңірлік бірліктің алаңын қалыптастырады. Ол басым экологиялық мәселелер жөніндегі хабардарлықты арттыруға, практикалық шешімдерді айқындауға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған болашаққа арналған бірлескен іс-қимыл жоспарларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Толығырақ: https://res2026.kz/kk