«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Грузияның Әділет үйі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін дамытуға және халықпен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тараптардың тәжірибе алмасып, азаматтардың заманауи сұраныстарына сай тиімді шешімдерді бірлесіп әзірлеуге ниетті екенін айқындайды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын ұйымдастырудағы үздік тәжірибелермен алмасу, жасанды интеллект технологияларын, роботтандыру мен процестерді автоматтандыру құралдарын пайдалана отырып цифрлық қызметтерді дамыту көзделген. Сондай-ақ қызмет көрсету сапасының заманауи стандарттарын енгізу арқылы клиенттік тәжірибені жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады. «Себебі жаңа технологиялар мен заманауи үрдістерді уақытында меңгеру өте маңызды. Біздің мақсатымыз - тек жақсы тәжірибемен танысу емес, олардың ішіндегі ең тиімдісін таңдап, Қазақстан азаматтарының қажеттіліктеріне бейімдеу. Сонымен қатар бұл - өзара тиімді серіктестік. Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда жақсы нәтижелерге қол жеткізген елдердің бірі. Сондықтан біз халықаралық тәжірибені үйреніп қана қоймай, өз жетістіктерімізбен де бөлісуге дайынбыз», - деп атап өтті мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев. Меморандум кадрлық әлеуетті дамыту бағытындағы ынтымақтастықты да қамтиды. Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды, қызметкерлердің біліктілігін арттыруды, сондай-ақ тағылымдамалар мен оқыту іс-шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар өзара қызығушылық тудыратын ғылыми-зерттеу және талдамалық жобаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. «Бұл сапар біз үшін ерекше маңызға ие. Себебі ол жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен практикалық шешімдермен алмасуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңін бастап, жүйелі әріптестіктің негізін қалайды», - деді Грузияның Әділет үйінің төрағасы Вахтанг Жвания. Айта кетейік, екі күндік сапар аясында қазақстандық делегация Грузияның Әділет үйінде болып, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен, қолданыстағы цифрлық шешімдермен және клиенттер ағынын басқару жүйесімен танысты. Сондай-ақ Грузия Ішкі істер министрлігінің Сервистік агенттігі мен Грузия Әділет оқу орталығында кездесулер өтіп, тараптар алдағы ынтымақтастықтың дамуын талқылады.
2026 жылдың 16 маусым күні сағат 15:30 Арал аудандық сайлау комиссиясының келесі мәселелер бойынша отырысы өткізіледі: Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жақсықылыш кенті әкіміне кандидат Санакулов Утеген Канымбаевичтің Қазақстан Республикасының заңдарында қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы; Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жақсықылыш кенті әкіміне кандидат Жанабаев Абай Жеткергеновичтің Қазақстан Республикасының заңдарында қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы; Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жақсықылыш кенті әкіміне кандидат Тагибергенов Нурбек Галимбековичтің Қазақстан Республикасының заңдарында қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы; Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақирек ауылдық округі әкіміне кандидат Аманжолов Кайрат Кайроллаевичтің Қазақстан Республикасының заңдарында қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы; Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақирек ауылдық округі әкіміне кандидат Райымбек Әбдісұлтанұлының Қазақстан Республикасының заңдарында қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы; Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақирек ауылдық округі әкіміне кандидат Избасаров Алибек Мырзахановичтің Қазақстан Республикасының заңдарында қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы; Өтетін орны: Арал ауданы, Арал қаласы, Әбілқайыр хан көшесі № 34 Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін аккредиттеу 2026 жылдың 16 маусым күні сағат 15.00 дейін келесі телефон бойынша жүзеге асырылады 8 (72433)2-23-13
Нұрсұлтан мен Мөлдір Баймановтар отбасында бірден үш қыз – Хадия, Жания және Дания дүниеге келді. Балаларды қорғау халықаралық күніне орай Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы сәбилерге туу туралы куәліктерін табыстады. Нәрестелер мерзімінен бұрын дүниеге келгендіктен, біраз уақыт дәрігерлердің бақылауында болды. Жуырда қыздар анасымен бірге перзентханадан аман-есен шығарылды. Үшемнің дүниеге келуімен Баймановтар отбасы бұрынғыдан да үлкен шаңыраққа айналды. Жаңа туған үш бүлдіршіннен бөлек, отбасында үлкен қыздары мен ұлдары тәрбиеленіп жатыр. Көпбалалы ана Мөлдірдің айтуынша, бірден үш қыздың өмірге келуі отбасы үшін зор қуаныш болған. «Біз өте бақыттымыз. Отбасымыз үшін бұл – үлкен қуаныш әрі тағдырдың ерекше сыйы. Көпбалалы ана атанғаныма қуаныштымын. Барлық уайым мен алаңдаушылыққа қарамастан, бүгін жүрегімізді тек қуаныш пен шүкіршілік сезімі кернеп тұр», – дейді анасы . Айта кетейік, жыл басынан бері Қызылорда облысында 5686 сәби дүниеге келген. Оның ішінде 49 егіз тіркелген. Баймановтар отбасындағы үшем – биыл облыста тіркелген алғашқы үшем. «Үшемнің дүниеге келуі – тек отбасы үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін ерекше әрі қуанышты оқиға. Балаларды қорғау халықаралық күні сәбилерге алғашқы құжаттарын табыстау біз үшін үлкен мәртебе. Баймановтар отбасын шын жүректен құттықтап, бүлдіршіндерге мықты денсаулық, бақыт пен амандық тілейміз», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының директоры Аида Абибуллаева. Сонымен қатар облыстық филиал атынан «Талсуат» балалар орталығының тәрбиеленушілеріне арнайы сыйлықтар табысталды. Балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар аясында балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйланып, оларға қамқорлық пен қолдау көрсетілді.
«Еңбек жолы» конкурсын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес «Еңбек Жолы» конкурсын 2026 жылы өткізу туралы хабарлайды. «Еңбек Жолы» конкурсы жастарды еңбекті құрметтеу рухында тәрбиелеу, еңбек дәстүрлерін сақтау, көбейту мақсатында және үздік еңбек әулеттері мен өндірістің қарапайым жұмысшыларын айқындауға мүмкіндік береді. Конкурс «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамы» ұранымен Еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға және өнімді еңбекті ынталандыруға ықпал етеді. Конкурсқа құжаттар 202 6 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады. Конкурсты өткізу мақсаттары: 1) ұрпақтар сабақтастығын сақтау; 2) еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру және жаңа еңбек әулеттерін құру үшін кәсіпорындар мен ұйымдарда жағдайлар жасау; 3) қазақстандықтарда Қазақстан Республикасының экономикасын дамытуға елеулі үлес қосқан отандастарының жетістіктері үшін мақтаныш сезімін тәрбиелеу; 4) жастарды еңбекке құрметпен қарау, еңбек дәстүрлерін сақтау және көбейту рухында тәрбиелеу; 5) еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру және еңбек өнімділігін ынталандыру. Конкурс 2 (екі) кезеңде өткізіледі: өңірлік және республикалық. Конкурсқа мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, салаға қарамастан кәсіпорындардың барлық қызметкерлері қатыса алады. Конкурсқа қатысушылар ұсынған материалдар негізінде конкурс жеңімпаздарын анықтау жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялар келесі номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтайды: 1) « Үздік еңбек әулеті »: Бұл номинацияда ең ұзақ еңбек өтілі, ең көп марапаттары бар әулет таңдалады. Еңбек әулеті – бір отбасының жақын туыстарының екі және одан да көп ұрпағы болып табылатын (ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі балаларымен немесе немерелерімен), қазіргі уақытта еңбек қызметін жүзеге асыратын және осы кәсіпорында жиынтық жұмыс өтілі кемінде 20 жыл болатын бір ұйымның жұмыскерлер тобы. Еңбек қызметін бәрінен бұрын бастаған еңбек әулетінің өкілі әулеттің басшысы болып танылады. Еңбек әулеті ауылдың, ауданның (қаланың, облыстың) қоғамдық өміріне белсенді қатысуға, жастарды кәсіптік бағдарлауға жәрдемдесуге, өз кәсібін насихаттауға тиіс; 2) « Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері »: Бұл номинацияда кемінде 20 жыл жұмыс өтілі бар ең жоғары тиімді тәлімгер таңдалады. 3) « Өндірістің үздік жас маманы »: Бұл номинацияда жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын ең белсенді және еңбекқор өндіріс қарапайым жұмыскері таңдалады; Конкурсқа қатысу үшін мынадай құжаттар ұсынылады: Конкурсқа қатысушылар екі данада қағаз және электрондық жеткізгіштерде келесі материалдарды ұсынады: 1) номинация көрсетілген, еркін нысандағы конкурсқа қатысу туралы өтінішті; 2) жеке куәліктің көшірмесін; 3) номинация тақырыбы бойынша 1-2 минуттан аспайтын бейнероликті (жұмыс орны және дағдылары көрсетілген); 4) конкурсант туралы (жұмысы, отбасы, қызығатын ісі, хоббиі және т.б.) 1 минуттан аспайтын компьютерлік презентация (Microsoft Power Point форматында); 5) еңбек әулетінің әр өкілінің немесе жұмыскердің жұмыс өтілін растайтын, жұмыс беруші куәландырған еңбек кітапшасының және өзге де құжаттардың көшірмелері (жұмыс орнынан анықтама); 6) жұмыс берушіден немесе кәсіподақтан ұсыным хат. Бар болған жағдайда (келесі құжаттардың көшірмелері): мемлекеттік немесе ведомстволық наградалардың, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері біліктілікті арттыру туралы сертификаттар (бар болса). Конкурсқа құжаттар мемлекеттік немесе орыс тілдерінде ұсынылады. Конкурсты өткізу мерзімдері: 1 шілдеге дейінгі мерзімде өңірлік деңгейде үміткерлерден материалдар мен өтінімдерді қабылдау; 1 тамызға дейінгі мерзімде «Еңбек Жолы» республикалық байқауының облыстық комиссиясымен өңірлік деңгейдегі жеңімпаздарды анықтау; қыркүйекте өңірлік еңбек форумында жеңімпаздарды марапаттау; 10 тамызға дейін «Еңбек Жолы» байқауының өңірлік деңгейінен жеңімпаздардың материалдарын ҚР ЕХӘҚМ-не әрі қарай республикалық деңгейде қатысу үшін ұсыну; 1-15 қыркүйек аралығында республикалық комиссиямен «Еңбек Жолы» республикалық байқау деңгейінің жеңімпаздарын анықтау; қазан айында «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздарын республикалық форумында марапаттау. Нақты ақпарат пен кеңесті келесі мекен - жай лард ан алуға болады: Қызылорда қаласы, Бекзатхан Асқар көшесі, 47 мекен-жайында орналасқан Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 212 каб., тел.: 26-38-20 немесе тұрғылықты жеріңіз бойынша аудандық және Қызылорда қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері. Ескертпе: Конкурсқа өтінімдерді тұрғылықты жеріңіз бойынша аудандық және Қызылорда қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне тапсыра аласыз. Еңбек әулеттерiнiң өкiлдерiн, сондай-ақ ынталы жас қызметкерлердi сондай-ақ олардың тәлiмгерлерiн Конкурсқа белсендi түрде қатысуға шақырамыз !
«Арал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелеріне жария талқылаудың өткізілетіндігін хабарлайды. Талдау барысында бөлімнің қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, мекеменің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау жұмыс бағыттары зерделенді. Осыған байланысты, «Арал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жүргізілген ішкі талдау нәтижелері бойынша ағымдағы жылдың 15 маусымда Арал қаласы, Бақтыбай батыр көшесі № 58 мекен жайында орналасқан ғимаратта жария талқылау өтетіндігін хабарлаймыз.
Ұлытау облысы елімізде жаңа форматтағы Smart Point цифрлық ХҚКО іске қосылған алғашқы өңір болды. Бұл – мемлекеттік қызметтерді алудың сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған заманауи әрі инновациялық кеңістік. Жоба халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, электрондық қызметтерді өздігінен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға және азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың ыңғайлы, заманауи әрі технологиялық ортасын дамытуға бағытталған. Аталған оқиғаның маңыздылығын арттыра түсетін жайт – Ұлытау облысы халыққа қызмет көрсетудің осы озық форматын енгізген Қазақстандағы алғашқы өңір болды. Орталықтың ашылуы елдегі цифрлық трансформация үдерістерінің алдыңғы қатарында болуға деген өңірдің талпынысын айқындай түсті. Жаңа орталықтың жұмысымен танысу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Басқарма Төрағасы Арман Шоқанұлы Кенжеғалиев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы Рыспеков және Ұлытау облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ермек Жазылханұлы арнайы барды. «Біз тек жаңа буындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашып жатқан жоқпыз. Біз мемлекет пен азамат арасындағы байланыстың жаңа мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Бұл ашықтыққа, заманауилыққа және адамға бағдарланған жаңа формат. Сонымен қатар жұмысымыздың басты қағидаты өзгермейді. Ол мемлекеттік қызметтердің әр азамат үшін қолжетімді болуы. Алдағы уақытта Apple Store үлгісіндегі мұндай орталықтар еліміз бойынша кезең-кезеңімен енгізіледі. Инфрақұрылымның дайындығына қарай Астана мен Павлодар қалаларында да іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев . Smart Point – азаматтарға операторлардың көмегінсіз мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін заманауи жоғары технологиялық кеңістік. Мұндай тәсіл күту уақытын едәуір қысқартып қана қоймай, мемлекеттік цифрлық сервистерді қолайлы әрі тиімді пайдалануға жаңа мүмкіндіктер ашады. Орталық бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Олардың әрқайсысы заманауи пайдаланушылардың қажеттіліктерін ескере отырып жасақталған. Экспресс-аймақта мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға арналған терминалдар орнатылған. Сонымен қатар құжаттарды мессенджерлер мен басқа да цифрлық байланыс арналары арқылы жедел жолдауға мүмкіндік қарастырылған. Цифрлық аймақ сымсыз қуаттау құрылғыларымен және жоғары жылдамдықты сканерлермен жабдықталған. Бұл келушілерге қажетті құжаттарды жедел цифрландырып, мемлекеттік ақпараттық жүйелерге жүктеуге мүмкіндік береді. Сараптамалық аймақ күрделі мемлекеттік қызметтерді мамандардың сүйемелдеуімен алуға арналған. Ерекше назар цифрлық сауаттылықты арттыру аймағына аударылған. Мұнда интерактивті экран және оқып-үйренуге әрі демалуға қолайлы кеңістік қарастырылған. Тұрғындар бұл жерде цифрлық дағдыларын тегін жетілдіріп, жаңа электрондық сервистерді меңгеріп, цифрлық мемлекеттің мүмкіндіктерін сенімді пайдалана алады. Бүгінде Smart Point – бұл тек қызмет көрсетудің жаңа форматы ғана емес, технологиялар мен адамдардың арасын жақындататын, ал мемлекеттік қызметтерді барынша ыңғайлы, қолжетімді әрі тиімді ететін кеңістік. Осындай жобаларды іске асыру азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, қоғамдағы цифрлық мәдениетті нығайтуға және цифрлық Қазақстанды одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастыруға ықпал етеді.
Халықаралық отбасы күні қарсаңында Қызылорда облысының Қазалы ауданында әсерлі әрі ерекше неке қию рәсімі өтті. 62 жастағы Амангелді мен 60 жастағы Сәрсенкүл Махамбетовтар өз қарым-қатынастарын заңды түрде рәсімдеді. Ерлі-зайыптылар бұл күнді бекер таңдамағандарын айтты. Алты жыл бірге өмір сүрген олар отбасы мерекесі қарсаңында некелерін қиюды махаббаттың, сыйластық пен адалдықтың белгісі деп санаған. «Біз өте бақыттымыз. Бұл - біз үшін ерекше күн. Ең бастысы - махаббат, өзара түсіністік және отбасының қолдауы», — деді жас жұбайлар. Махамбетовтар отбасының оқиғасы махаббат пен бақытқа жастың шектеу болмайтынын, ал берік отбасының адам өміріндегі ең үлкен тірек екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Айта кетейік, жыл басынан бері Қызылорда облысында 895 адам шаңырақ көтерген. Осы уақыт аралығында өңірде 4583 сәби дүниеге келген.
Қызылорда қаласында Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні аясында жас жұбайларға арналған мерекелік рәсім ұйымдастырылды. Салтанатты шара ерекше атмосферада өтіп, ұлттық дәстүр мен заманауи мәдениетті ұштастырған мазмұнды бағдарламаға ұласты, деп хабарлайды мемлекеттік корпорацияның облыстық филиалы . Мерекелік күннің басты сәті - 11 жұптың неке қию рәсімі болды. Жас жұбайларға неке куәліктерін 50 жыл отасқан Жұмабай ата мен Жұмакүл әже табыстады. Бұл ұрпақ сабақтастығы мен отбасылық құндылықтардың маңызын айшықтай түскен тағылымды көрініс болды. Жас жұбайлардың бірі Ернұр Өмірбеков пен Нұрай Қонысова бұл күннің олар үшін ерекше екенін атап өтті: «Осындай мәні терең мерекеде шаңырақ көтеру – біз үшін үлкен бақыт. Бұл күн өмірімізде ұмытылмас сәт болып қалары анық. Барша жас жұбайларға бақыт тілейміз», - атап өтті жас жұбайлар . «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Жанар Ахетова шараның мән-маңызына тоқталды: «Бұл мереке – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасы институтын нығайтудың жарқын үлгісі. Бүгінгі жастардың осындай ерекше күні шаңырақ көтеруі – қуанышты жағдай. Жыл басынан бері облысымызда 635 неке тіркелді. Бұл көрсеткіш өңірде отбасы құруға деген жауапкершілік пен қызығушылықтың жоғары екенін аңғартады», - деді Жанар Абдрайхановна. Іс-шара барысында ұлттық бұйымдар көрмесі қойылып, қонақтар қазақы нақыштағы қолөнер туындыларымен танысты. Сонымен қатар, арт-сурет салу алаңы ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.