Төтенше жағдай режимін енгізу туралы хабарлау «Барлығыңыздың назарыңызға!» бірыңғай сигналы — сиреналардың үзік дыбысы арқылы жүзеге асырылады.
Сигнал берілгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдары (радио, теледидар), сондай-ақ сиреналық-сөйлеу құрылғылары арқылы дауыстық ақпарат таратылады.
Қосымша халыққа ақпарат мәтіндік форматта MassAlert халықты жедел құлақтандыру жүйесі арқылы жеткізіледі.
Терминдерге түсіндірме
Төтенше жағдай (ТЖ) - авария, өрт, қауіпті табиғи құбылыс, апат, дүлей зілзала немесе өзге де оқиға салдарынан белгілі бір аумақта туындаған, адам шығынына, адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға залал келтіруге, елеулі материалдық шығынға немесе халықтың тіршілік жағдайының бұзылуына әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін жағдай.
Халықты құлақтандыру - халыққа төтенше жағдайлардың туындау қаупі немесе туындауы туралы сигналдар мен ақпаратты, сондай-ақ қалыптасқан жағдайда іс-қимыл тәртібін жеткізу .
Сирена - төтенше жағдайлар кезінде халыққа ескерту сигналдарын беруге арналған техникалық дыбыстық құрылғы.
Радио (радиохабар тарату) - радиотолқындар арқылы дыбыстық бағдарламалар мен өзге де ақпаратты бұқаралық қабылдауға тарату.
Теледидар- бағдарламалар мен хабарламаларды бұқаралық таратуға арналған аудиовизуалды ақпаратты беру және қабылдау жүйесі.
Қауіпсіздік шаралары - адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, төтенше жағдайлардың алдын алуға немесе олардың салдарын азайтуға бағытталған іс-қимылдар мен талаптардың жиынтығы .
Халықты ақпараттандыру - азаматтарға төтенше жағдайлар, олардың туындау қаупі және қажетті қорғану шаралары туралы мәліметтер жеткізу.
Хабар алғаннан кейін қандай әрекеттер жасау қажет?
«Барлығыңыздың назарыңызға!» сигналы мен өзге де хабарламаларды алғаннан кейін:
- Сабыр сақтап, дүрбелеңге берілмеу.
- Ресми ақпарат пен нұсқаулар алу үшін радио, теледидарды қосу немесе MassAlert жүйесіндегі хабарламаларды тексеру.
- Төтенше қызметтер мен жергілікті атқарушы органдардың нұсқауларын орындау.
- Құжаттарды, дәрі-дәрмектерді, қажетті заттарды және су қорын дайындау.
- Қажет болған жағдайда газды, электр қуатын және суды өшіру.
- Эвакуацияға дайын болып, көрсетілген бағыттар бойынша қауіпсіз жерге бару.
- Көршілерді, қарт адамдарды және көмек қажет ететін азаматтарды ескерту.
Мысал
Мысалы, елді мекенде қатты су тасқыны қаупі туындаған кезде «Барлығыңыздың назарыңызға!» сигналы беріліп, сиреналар қосылады. Одан кейін теледидар мен радио арқылы ықтимал су басу, эвакуация тәртібі және уақытша орналастыру пункттері туралы хабар таратылады. Сонымен қатар тұрғындарға қажетті іс-қимылдар мен қауіпсіздік шаралары көрсетілген мәтіндік хабарламалар MassAlert жүйесі арқылы жіберіледі.