Мемлекет кепілдік берген заң көмегі дегеніміз не және оны алуға кім құқылы?

    adilet-akm

    adilet-akm·
    Сұрақ

    Мемлекет кепілдік берген заң көмегі дегеніміз не және оны алуға кім құқылы?

    Жауап

    Заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі мемлекет кепілдік беретін заң көмегі деп танылады.

    Құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін алуға барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқығы бар.

    Құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:

    1) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;

    2) мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;

    3) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

    4) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

    5) Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;

    6) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;

    7) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

    Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:

    1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға;

    2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;

    3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

    Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және тұрған жеріне қарамастан алуға құқылы.

    Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның мүддесіне орай оның өкілі заңдарда белгіленген тәртіппен осындай көмек көрсету туралы өтінішхатпен жүгіне алады.

    Ұқсас материалдар

    Сұрақ

    Жеке сот орындаушысына өтінішті қалай жолдауға болады?

    Жауап

    2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі азаматтардың ыңғайлылығы үшін «Тараптар кабинеті» онлайн-сервисін енгізді. «Тараптар кабинеті» сервисіне қол жеткізу үшін атқарушылық іс жүргізу тараптары, яғни өндіріп алушы немесе борышкер, aisoip.adilet.gov.kz сайтында тіркеліп, AdiletGov мобильді қосымшасын жүктеп алып, авторизациядан өтуі қажет. «Тараптар кабинеті» арқылы атқарушылық іс жүргізу тараптары: атқарушылық іс жүргізу материалдарымен таныса алады; орындалу кезеңдерін қадағалай алады; өтініштер мен арыздарды онлайн форматта жібере алады; хабарламалар мен құжаттарды қашықтан, оның ішінде PDF форматында ала алады; сот орындаушысы туралы мәліметтерді және оның рейтингін көре алады; атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өзіне ыңғайлы тәсілмен онлайн төлей алады.

    adilet-akm·
    Сұрақ

    Сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжатты орындамағаны үшін жауапкершілік көзделген бе?

    Жауап

    Иә. Борышкер сот актісін немесе атқарушылық құжатты орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігіне сәйкес жауаптылық көзделген. Осы бапқа сәйкес: жеке тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады; лауазымды адамдарға, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына және адвокаттарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады; шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады; орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады; ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

    adilet-akm·
    Сұрақ

    Әкімшілік жауаптылыққа бір рет тартылған адам сол құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапқа тартылуы мүмкін бе?

    Жауап

    Жоқ. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 12-бабына сәйкес, бір құқық бұзушылық үшін қайтадан әкімшілік жауаптылыққа тартуға жол берілмейді.

    adilet-akm·
    Сұрақ

    Сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындауына кедергі келтіргені үшін жауапкершілік қарастырылған ба?

    Жауап

    Иә. Егер жеке немесе заңды тұлғалар сот орындаушысының немесе сот приставының атқарушылық әрекеттерді (түгендеу, бағалау, тыйым салу, сауда-саттық өткізу) жүзеге асыруына кедергі келтірсе немесе оның заңды талаптарын орындаудан бас тартса: жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға; лауазымды адамдарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

    adilet-akm·
    Сұрақ

    Неліктен банк шотыма тыйым салынғанын тек бұғатталғаннан кейін білдім?

    Жауап

    Шотқа тыйым салу екінші деңгейдегі банктер мен ақпараттық жүйелер арқылы электрондық форматта жедел түрде қолданылуы мүмкін. Бұл қолданыстағы заңнаманы бұзу болып табылмайды.

    adilet-akm·
    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.