020 жылдың 7 қаңтарында пәтер иелері кооперативтерінің 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап күшін жоятын «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Олардың орнын жай серіктестіктер (ЖС) мен меншіктің мүлік иелерінің бірлестігі(ММИБ) басады, бұл тұрғындарға үйді өз бетінше басқаруға мүмкіндік береді.
Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі - бұл бір үйдің пәтерлері мен тұрғын емес үй-жайларының иелері құрған заңды тұлға (коммерциялық емес ұйым). Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналыста кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға байланысты мәселелерді қарайды және шешімдер қабылдайды. Егер жиналысқа пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, жиналыс шешім қабылдауға құқылы. Шешім дауыс беруге тікелей қатысқан пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің жалпы санының көпшілігі келіскен кезде қабылданады. ММИБ әділет органдарында тіркелуі және өзінің жарғысы болуы қажет.
Жай серіктестік - барлық ортақ меншік иелерінің азаматтық-құқықтық шарт негізінде үйді бірлесіп басқаруы және күтіп ұстауы. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері өз құрамынан бірлескен қызметке басшылық жасау үшін сенім білдірілген адамды айқындай алады, ол пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иесі берген қарапайым жазбаша сенімхат негізінде әрекет етеді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 43-1 бабының 3 тармағына сәйкес, жай серіктестік заңды тұлға болып табылмайды.
ММИБ тіркеу үшін мемлекеттік корпорация арқылы келесі құжаттарды қоса бере отырып, өтініш беру қажет: 1 АЕК мөлшерінде тіркеу төлемі туралы түбіртек; меншік иелері ММИБ құру және төрағаны сайлау туралы шешім қабылдаған жиналыстың хаттамасы. Жиналыс хаттамасы мен сауалнама парақтары ҚР ИИДМ-нің 2020 жылғы 30 наурыздағы № 163 бұйрығымен бекітілген Ережеге сәйкес, типтік нысан бойынша дайындалуы қажет. Дауыс беру парақтары нөмірленіп, хаттамамен бірге тігілуі керек; Жарғы екі тілде, екі данада ұсынылуы керек. Негіз ретінде меншік иелері бірлестігінің типтік жарғысын алуға болады. Егер пәтер иелері өздерінің ММИБ жарғысын дербес әзірлеу туралы шешім қабылдаса, онда жарғыда «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 44-2-бабында көрсетілген талаптар болуы қажет.