Ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге, аудандық маңызы бар қалаларға, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру үшін жергілікті атқарушы органдар ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдерімен бірлесе отырып:
1) жергілікті қоғамдастық жиналысын өткізу мерзімін анықтайды және оның өткізілетін күніне дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өздерінің интернет-ресурсында орналастырылады (бар болса) және тиісті аумақта таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жиналыстың күн тәртібі, өткізілетін күні, орны және уақыты көрсетілген хабарландыру орналастырады;
2) өздерінің интернет-ресурстарында (бар болса) және бұқаралық ақпарат құралдарында қажетті құжаттар мен материалдарды орналастырады.
Ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге, аудандық маңызы бар қалаларға, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру ашық дауыс беру арқылы жүзеге асырылып, оның қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Дауыс беру қорытындысы жиналыс өткен жерде жарияланып, хаттамамен ресімделеді.
Хаттамада «қолдап» немесе «қарсы» дауыс бергендердің жалпы саны көрсетіледі. Хаттамаға жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысқандардың тізімі қоса тіркеледі.
Жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамалары ол өткізілгеннен кейін жеті жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында (бар болса) және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Жергілікті өкілді және атқарушы органдар тиісті аумақ халқының пікірін ескерудің қорытындысы бойынша бірлескен шешіммен тиісті ономастика комиссияларының қарауына ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша ұсыныс енгізеді.
Ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қорытындысы бойынша аудандық жергілікті атқарушы органдарға елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша ұсыныс енгізеді.
Аудандық жергілікті атқарушы органдар тиісті ономастикалық комиссиялардың қарауына ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша ұсыныс енгізеді.