Уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақ қалай беріледі?
«Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ беру» немесе «Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметтерін алу үшін жеке тұлғалар (көрсетілетін қызметті алушы) жеке басын куәландыратын құжатты ұсына отырып, денсаулық сақтау субъектісіне (көрсетілетін қызметті берушіге) жүгінеді. Көрсетілетін қызметті беруші пациентке өз бетінше жүгінген кезде немесе «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ беру» немесе «Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама беру» мемлекеттік қызметтерін көрсетеді. Көрсетілетін қызметті берушіге немесе Портал арқылы өз бетінше жүгінген кезде мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі - құжат тапсырылған сәттен бастап 30 (отыз) минуттан аспайды. Электрондық форматта мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы порталда ЭЦҚ қойылған мемлекеттік қызметті алуға сұрау салуды қалыптастырады. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға электрондық құжат нысанында «Жеке кабинетке» жібереді. Мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі тиісті нысан бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап болып табылады.