«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) «Дипломмен ауылға» жобасын (бұдан әрі – Жоба) іске асыру шеңберінде келесіні хабарлайды. Жобаны тиімді және жоспарлы іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар білім беру мекемелерімен, жастардың қоғамдық ұйымдарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, Интернет-ресурстар және т.б. арқылы тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрінің, Үкімет блогына, Президенттің Виртуалды қабылдау бөлмесіне және call-center-ге әлеуметтік қолдау шараларын алу мәселелері бойынша өтініштердің үлкен легі түседі. Бұдан басқа, Ұлттық экономика министрінің сайтына облыс/аудан әкімдіктерінің қызметкерлерінен, бөлім басшыларынан/орынбасарларынан сұрақтар келіп түседі. Келіп түскен сұрақтардың талдауы көрсеткендей, ең көп өтініш Ақтөбе, Атырау, ШҚО, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан облыстарының әкімдіктерінен келіп түседі. Бұл талдау осы өңірлер қызметкерлерінің сапасыз ақпараттық-түсіндіру жұмысын көрсетеді. Өз кезегінде, Министрлік тұрақты негізде жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне де, өтініш берушілерге де Жобаны іске асыру бойынша мәселелерді түсіндіріп, кеңес береді. Осыған байланысты, Министрлік облыстар әкімдіктерінің басшылығына «Дипломмен ауылға» жобасының іске асырылуын (ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, қаражаттың игерілуін және т.б.) бақылауға алуды орынды деп санайды.