Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 44-2бабының 19-тармағында Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жер учаскесіне құқықтарды мемлекеттік тіркеусіз жер учаскесін пайдалануға жол берілмейді.
Осы норманы сақтамау жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу ретінде сараланады және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылықты көздейді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 136-бабына сәйкес, мемлекеттiк жер учаскелерiн заңсыз иеленіп алу немесе айырбастау не жерге мемлекеттiк меншiк құқығын тiкелей немесе жанама нысанда бұзатын басқа да мәмiлелер жасау, сондай-ақ уақытша иеленген мемлекеттiк жердi уақтылы қайтармау – жеке тұлғаларға – жетпіс бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 164-1 бабының 2-тармағына сәйкес, мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер құрамынан өз бетінше иеленіп алынған жер учаскесін қайтаруды талап етуді жер учаскесі орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Заңсыз иеленушінің өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін босату және мұндай учаскеде салынған (салынып жатқан) құрылысты бұзу жөніндегі міндеттерді орындамауына байланысты даулар сот тәртібімен шешіледі.