Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртібі ?
Жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 49-1-бабымен регламенттелген. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі жер учаскесінің орналасқан жері бойынша жүзеге асырады. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мемлекеттік қызмет болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі. Осы Кодекстің 49-1-бабының талаптарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар жер учаскесінің орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органға қағаз жеткізгіште не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес "электрондық үкімет" веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш береді. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім осы Жер Кодексінің 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылатын жер комиссиясының қорытындысы негізінде қабылданады. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 01 қазандағы № 301 бұйрығымен бекітілген "Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері туралы ақпарат көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жіберіледі не көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы беріледі.