Апостильдi қою рәсiмiнiң мақсаты - Гаага конвенциясына мүше-елдердiң аумағында қолдануға арналған апостильденетiн құжаттардың түпнұсқалылығы мен дұрыс ресiмделiнуiне кепiлдiктi қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу үшін қолданыстағы заңнамамен бекітілген талаптар сақталуы қажет және бірқатар рәсімдер атқарылуы тиіс.
(Бұл үдерісті реттеуйтін негізгі нормативтік құқықтық актілерге және жүзеге асырылатын негізгі әрекеттерге мыналар жатады:
«Қазақстан Республикасының Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын конвенцияға қосылуы туралы» 1999 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының негізінде, Қазақстан Республикасы Гаагада 1961 жылғы 5 қазанда жасалған Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын конвенцияға қосылды.
Коненцияның шарттарына сәйкес, уағдаласушы мемлекеттердің бiрiнiң аумағында жасалған және екiншi уағдаласушы мемлекеттің аумағына ұсынылуы тиiс ресми құжаттарға қолданылады және құжаттарды дипломаттық немесе консульдық агенттерi пайдаланатын шартты рәсiм ғана ұғылады.
Конвенция тұрғысында ресми құжаттар ретiнде прокуратурадан, соттың хатшысынан немесе соттың атқарушысынан шығатын құжаттарды қоса алғанда мемлекеттің құзырына бағынатын органнан немесе лауазымды тұлғадан шығатын құжаттар; әкiмшiлiк құжаттар; нотариалдық актiлер; тiркеу туралы белгi сияқты ресми белгiлер; белгiлi бiр күндi растайтын визалар; нотариуста расталмаған құжаттағы қолды растау қарастырылады.
«Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыруды талап етудің күшін жоятын конвенция (Гаага, 1961 жылғы 5 қазан) ережелерін іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 сәуір №545 қаулысына сай, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою бойынша өкілеттіктерге ие ұйым ретінде айқындалған.
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, апостилдеу рәсімі мемлекеттік көрсетілетін қызмет түріне жатады және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 11 желтоқсандағы № 625 бұйрығымен бекітілген «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларымен» регламенттелген).
Білім туралы құжаттарды апостилдеу рәсімі
«Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметті Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті көрсетеді.
Апостилдеу үшін құжаттар «электрондық үкімет» веб-порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ арқылы ұсынылады.
Ұсынылатын құжаттар тізбесі:
Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде:
1) бекітілген нысан бойынша өтініш;
2) жеке басты куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
3) апостиль қою үшін ұсынылған құжаттың түпнұсқасы;
4) төлем туралы түбіртектің түпнұсқасы.
Портал арқылы ұсынған кезде:
1) электрондық цифрлық қолтаңба қойылған электронды нысанындағы сұрау салу;
2) апостиль қою үшін ұсынылған құжаттың электрондық көшірмесі.
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі:
Мемлекеттік корпорацияға құжаттар топтамасын тапсырған сәттен немесе «е-гов» порталы арқылы ұсынған сәттен бастап – 20 (жиырма) жұмыс күні.
Білім туралы құжатты апостилдеуден бас тарту негіздері:
1) ұсынылған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің анықталуы;
2) ұсынылған деректер мен мәліметтердің Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын 1961 жылғы 5 қазандағы Гаага Конвенциясында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы.