«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 237-бабына сәйкес кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды осындай кедендік рәсіммен орналастырған күннен бастап үш жылдан аспауы керек.
Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар осы баптың 1-тармағында көзделген мерзім өткенге дейін осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдермен орналастырылуға не осы Кодекстің 41-тарауына сәйкес керек-жарақтар ретінде шығарылуға тиіс.
Жарамдылық және (немесе) өткізу мерзімі шектеулі тауарлар жарамдылық және (немесе) өткізу мерзімі өткенге дейін күнтізбелік бір жүз сексен күн қалғаннан кешіктірілмей, өзге кедендік рәсіммен орналастырылуға тиіс.
Кеден қоймасының жұмыс істеуі тоқтатылған жағдайда, кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған және осындай кеден қоймасындағы тауарлар осы кеден қоймасының жұмыс істеуі тоқтатылған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей, басқа кеден қоймасына қойылуға не осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдермен орналастырылуға не осы Кодекстің 41-тарауына сәйкес керек-жарақтар ретінде шығарылуға тиіс.