Бейбіт жиналыстар өткізуге қалай өтініш беруге болады?
Азаматтардың бейбіт жиналыстары жергілікті атқарушы органға берілетін хабарлама немесе келісуді алу туралы өтініш негізінде өткізіледі. Қарау тәртібі Қазақстан Республикасының «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңында (бұдан әрі – Заң) белгіленген бейбіт жиналыс нысанына байланысты анықталады. Митинг, пикет және жиналыс өткізу үшін — хабарлама беріледі. Шеру мен демонстрация өткізу үшін — келісуді алу туралы өтініш беріледі. Хабарлама немесе өтініш е-Otinish жүйесі арқылы өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен электронды түрде немесе жергілікті атқарушы органның азаматтарды қабылдау орталығына барып, жеке түрде беріледі. Азамат дайын арызды тапсыра алады немесе оны сол жерде ресімдей алады. Арыз түскен күні тіркеледі. Хабарламаны қарау мерзімі – 3 жұмыс күніне дейін, өтінішті қарау мерзімі – 7 жұмыс күніне дейін. Хабарламада немесе өтініште келесі мәліметтер көрсетіледі: іс-шараның мақсаты мен нысаны, өткізу күні мен уақыты (басталуы және аяқталуы), өткізу орны немесе жүру маршруты, қатысушылардың болжамды саны, ұйымдастырушы туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ЖСН, мекенжайы, байланыс деректері), дыбыс күшейткіш құралдарды, көлік немесе өзге де заттарды пайдалану туралы ақпарат, қаржыландыру көздері, арыз берушінің қолы және арыз беру күні. Хабарлама бейбіт жиналыс өткізілетін күнге дейін кемінде 5 жұмыс күні бұрын, келісуді алу туралы өтініш — кемінде 10 жұмыс күні бұрын берілуі тиіс. Тіркеуден кейін жергілікті атқарушы орган ұсынылған мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығын, өткізілетін орынның, жүру маршрутының және уақыттың заң талаптарына сәйкестігін тексереді. Қарау нәтижесінде жергілікті атқарушы орган келесі шешімдердің бірін қабылдайды: - бейбіт жиналыс өткізуге келісім беру; - өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытты өзгерту туралы ұсыныс енгізу. Ұйымдастырушы 1 жұмыс күні ішінде өз келісімін немесе келіспеуін хабарлауға міндетті; - заңда көзделген негіздер болған жағдайда бас тарту. Қабылданған шешім арыз берушіге: қолма-қол, тапсырысты хатпен, электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық түрде, арызда көрсетілген электрондық пошта немесе ұялы байланыс нөмірі арқылы жіберіледі. Жергілікті атқарушы органның бейбіт жиналыстарды өткізуге келісім беруден бас тартуы мүмкін жағдайлардың толық тізбесі Заңда белгіленген: - егер олардың мақсаттары Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзу, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыру, Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің басқа да ережелерін бұзу болып табылса; - егер бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы Заңға сәйкес ұйымдастыру құқығынан айырылған тұлға болса; - егер мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіптің бұзылуына, денсаулық сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына қатер төнсе; - егер бейбіт жиналыстарды өткізу туралы хабарлама немесе келісім алу туралы өтінішті ұсыну мерзімдері сақталмаса; - егер ұсынылған ақпарат толық болмаса; ұсынылған құжаттарда жалған мәліметтер анықталса; не бейбіт жиналыстарды өткізуге қажетті құжаттар мен деректер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмесе; - егер бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізуге арналған қаржыландыру келесі тұлғалар тарапынан жүзеге асырылса: жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне енгізілген жеке тұлғалар және (немесе) заңды тұлғалар; қызметі Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған заңды тұлға; шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар жүзеге асырса. - егер бейбіт жиналыстарды өткізу өмірлік маңызы бар объектілердің, көлік немесе әлеуметтік инфрақұрылымның, байланыс жүйелерінің жұмыс істеуіне кедергі келтірсе, көлік пен инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмысын, көгалдар мен шағын сәулеттік нысандардың, басқа да мүліктің сақталуын бұзса, сондай-ақ азаматтардың еркін қозғалысына кедергі келтірсе; - егер қатысушылардың болжамды саны бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындардың шекті толу нормаларынан асып түссе; - егер осындай іс-шараларды өткізудің болжамды уақытында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда басқа ресми, мәдени, ойын-сауық мәдени-бұқаралық, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және өзге де іс-шаралардың өткізілуі жоспарланса, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылып жатса. Бас тарту туралы шешім «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдер және әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» (ӘРПК)-нің 91-бабына сәйкес белгіленген тәртіппен шағымдануға жатады.