Тағылымдамадан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды тестілеуді өткізу тәртібі мен шарттары қандай?
Тағылымдамадан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды тестілеуді өткізу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітетін қағидаларда айқындалады. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адам тағылымдамадан өткеннен кейін тұрғылықты жері бойынша нотариаттық қызметпен айналысу құқығына тиісті әділет аттестаттау комиссиясына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттарды қоса бере отырып, оны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары арқылы аттестаттауға жіберу туралы өтініш жібереді. Құжаттар топтамасы тиісінше ресімделмеген не толық ұсынылмаған жағдайда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қайтару себебі туралы жазбаша хабарлай отырып, өтінішті ол ұсынған құжаттармен бірге қарамастан қайтарады. Егер үміткер осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, аттестаттауға жіберуден бас тартылады. Аттестаттауға жіберуден бас тартылған жағдайда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей үміткерге дәлелді шешім жібереді. Аттестаттауға жіберуден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін. Аттестаттауға жіберілген үміткерді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары аттестаттау өткізілетін орын, күні, уақыты, тәртібі туралы ол өткізілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді. Аттестаттауды нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізеді. Аттестаттау екі кезеңнен тұрады: 1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне компьютерлік тест тапсыру; 2) емтихан билеттері бойынша ауызша тапсырманы орындау. Үміткер өз таңдауы бойынша тестілеуден қазақ немесе орыс тілінде өтуге құқылы. Тестілеу компьютерлік техниканы пайдалана отырып жүргізіледі. Аттестаттау нәтижелері бойынша нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы аттестаттау өткізілгеннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей аттестаттау туралы не аттестаттамау туралы дәлелді шешім шығарады. Комиссияның аттестаттау туралы шешімі шығарылған сәттен бастап үш жыл бойы жарамды болып табылады. Әділет аттестаттау комиссиясының шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін. Аттестаттаудан өту кезінде үміткердің анықтамалық, арнайы және өзге де әдебиетті, байланыс құралдарын, сондай-ақ қандай да бір жазбаларды пайдалануына жол берілмейді. Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда әділет аттестаттау комиссиясы нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткерді аттестаттаудан шеттетеді. Аттестаттаудан шеттетілген үміткер нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы шешім шығарған күннен бастап үш ай өткен соң осы Заңда көзделген тәртіппен аттестаттауға жіберу туралы қайта өтініш беруге құқылы. Аттестаттауға дәлелді себеппен келмеген үміткер осы баптың 5-тармағында көзделген тәртіппен нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясының келесі отырысына шақырылады. Үміткер қайтадан келмеген жағдайда оның өтініші қаралмайды және ол ұсынған құжаттармен бірге қайтарылады.