Кәсіпорын ашып, жаңа жоба іске асыратын болсам қайда орналастыруға болады?
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 14 мамырдағы №336 қаулысы сәйкес өңірде жалпы аумағы 550 гектарды құрайтын Қорқыт Ата арнайы экономикалық аймағы құрылды. Аймақ үш ішкі аймақтан тұрады: авиацияға қызмет көрсету (50 га), қоймалау және сақтау (100 га) және өнеркәсіптік аймақ (400 га). Мұнда құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, көлік-логистика және инновация салаларындағы жобаларды жүзеге асыру көзделген. 2025 жылғы №470 бұйрық бойынша АЭА аумағында іске асырылатын қызметтің 18 басым түрі бекітілген. Қазіргі уақытта инфрақұрылымды жүргізу бойынша жобалық құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар, облыста жалпы ауданы 515,01 гектарды құрайтын 6 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олардың ішінде Өндіріс индустриялық аймағы республикалық маңызы бар, ал Шиелі индустриялық аймағы өңірлік маңызға ие. Аталған аймақтардың басқарушысы – Қорқыт Ата арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы ЖШС (құрылтайшылары: Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы – 96%, Қызылорда облысының әкімдігі – 4%). Индустриялық аймаққа қатысушы болу үшін өтініш беруші 2019 жылғы №599 бұйрық талаптарына сәйкес белгіленген нысанда өтінім, заңды тұлға құжаттары, қаржылық есептілік, техникалық-экономикалық негіздеме, сондай-ақ банк және салық органдарынан анықтамалар ұсынуы қажет. Бұдан бөлек, облыста шағын өнеркәсіптік аймақ аясында тамақ өнеркәсібі мен қайта өңдеу жобаларын орналастыруға жағдай жасалған. Осылайша, ауқымды әрі экспортқа бағытталған жоғары технологиялы жобаларды Қорқыт Ата арнайы экономикалық аймағы аумағында орналастыру тиімді, ал шағын және орта өндірістік жобалар үшін индустриялық немесе шағын өнеркәсіптік аймақтар қолайлы болып табылады.