Мемлекеттік тұрғын үй қорынын пәтер алу мәселесі
Қазақстандағы тұрғын үйге байланысты мәселелер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң арқылы реттеледі. Бұл заң азаматтардың мемлекеттен үй алу тәртібін, кезекке тұру шарттарын және тұрғын үйді бөлу ережелерін анықтайды. «orken.otbasybank.kz» сайтына кіру арқылы санатқа жататындығын көруіне болады. 2024 жылғы 22 қарашадағы №138-VIII Заңға сәйкес, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Осыған байланысты, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекке қою және тұрғын үй бөлу жұмыстары жергілікті әкімдіктерден алынып, бұл қызметтер «Отбасы банк» АҚ-ға берілді. Алдағы уақытта азаматтар тарапынан тұрғын үй кезегіне тіркелу, кезекті тексеру және үй бөлу бойынша мәселелер туындаған жағдайда «Отбасы банк» АҚ-ға жүгіну қажет. Егер азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген болса, оның кезекке тұрған жылы, санаты (мысалы: көпбалалы отбасы, жетім бала, мүгедектігі бар адам және т.б.) және ішкі санаты үй алу мүмкіндігіне әсер етеді. Мемлекет тұрғын үй көмегін «Бірыңғай республикалық электрондық база» және «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жүйесі арқылы бөледі. Үй кезегінде тұрған барлық азаматтардың құқықтары тең деп есептеледі. Бірақ басымдық кейбір әлеуметтік санаттарға беріледі. Бірінші кезекте үй алуға келесі азаматтар құқылы: – ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар – жетім балалар – көпбалалы отбасылар – мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар – І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар – басқа да әлеуметтік осал топтар. Сондай-ақ, Бірыңғай республикалық электрондық базада тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының және қандастардың құқықтары тең. Сонымен қатар, Тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған мемлекеттік қолдау шараларын беру туралы шешімді ұлттық даму институты мәртебесі бар тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қабылдайды. Бұл шешім арнайы бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.