
Ардақты ардагерлер! Қадірлі аға буын өкілдері!
Сіздерді «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген тағылымды сөз бар. Біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз.
Сіздер сабырлылық, қарапайымдылық қасиеттеріңізбен ұрпақтарыңызды мейірімділік пен еңбексүйгіштікке, Отанға, отбасына деген адалдыққа және абыройлы болуға тәрбиелеп келесіздер.
Құрметті Абзал ағалар, Қадірлі Асыл аналар!
Сіздердің әрбіріңіздің жүріп өткен жолдарыңыз, еңбектеріңіз – ұрпақ үшін үлгі-өнеге.
Ақылы – дария, білімі – теңіз, өмірлік тәжірибесі мол сіздерден тәлім-тәрбие алған іні-қарындастарыңыз өздеріңіз бастаған игілікті істерді жалғастыруда.
Халық арасында аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы өздеріңіздей ақсақалдардың барында ел ішінде алауыздықтың орын алмайтыны, жастарымыз жөнсіз кетпейтіні белгілі.
Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілейміз!
Қазыналы қарттарымыздың қатары ортаймасын!