
2019 жылғы 3 шілдеде Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында «Жетісудың жеті батыры» номинациясы бойынша марапаттау рәсімі өтті.
Күнделікті өмірдің кез келген сын сәттерінде басын қатерге тігіп, ерлік көрсеткен жандар осы қасиеттері арқылы талай жүректерге от тастап, намысын найзағайдай ойнатады, рухты оятады. Жетісу жерінде батыр азаматтарымыз жетерлік. Алайда, есімдері елге танымал болмай, ұмыт қалғандары қаншама. Сол есімдерді жаңғырту, танымал ету, ерліктерін білу мақсатында «Жетісудың жеті батыры» атты байқауы ұйымдастырылады.
Елімізде теңдесі жоқ бірегей жоба Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда және байқау 7 номинацияны қамтиды.
Жарыс қорытындысы бойынша "Ерлігі үшін" номинациясында жеңімпаз болып біздің батыр Қалиев Қанат Қамалбекұлы атанды. Ол Алматы облысы әкімінің орынбасары А. Ж. Әбдуалиевтің атынан адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін алғыс хатпен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
2018 жылғы 15 шілдеде Қапшағай су қоймасының жағалауында, патрульдеу жүргізу барысында, ауа райының күрт нашарлауына қарамастан (жағадан соққан қатты жел, 2 метрлік толқын), Қанат Қалиев жалғыз өзі батып бара жатқан 12 адамды құтқарды және ол оның жұмысындағы соңғы сан емес. Өз отанының шын патриоты болып, өз жұмысына құштарлықпен қарап, күнделікті өмірде қарапайымдылығымен ерекшеленетін ол барлық құтқарушылар мен отанымыздың азаматтары үшін үлгі тұтар азамат болып табылады.
Алматы облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ»





