
23 тамыз 2017 жылы Жаңаөзен қаласында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – білімнің үлесі» білім беру қызметкерлерінің облыстық тамыз конференциясының аясында мектепке дейінгі ұйым педагогтарының қатысуымен «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының құрылымы мен жүйесін қайта құру» секциялық отырысы өтті (барлығы 150 педагог).
Қатысушылар барлық аудандық, қалалық білім бөлімдері дайындаған балабақшалардың жетістігі туралы «Мектепке дейінгі ұйымдарда үлгілік оқу бағдарламасын іске асыру жолдары» көрмесін тамашалады. Секциялық отырыс 2 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім – пленарлық отырыста педагогтар мектепке дейінгі білімге тиісті жаңашылдықтарды, жаңа нормативтік құжаттарды ортаға салып, талқылады, ал екінші бөлімде іс-тәжірибе алмасу мақсатында Жаңаөзен қаласының №18 «Мереке», №26 «Шапағат», №23 «Айзере», № 12 «Айгөлек», № 7 «Ертөстік» санаторлық балабақшаларына, «Несіп», «Ай-Наз» жекеменшік балабақшаларына барып, жұмыс бағытымен танысып, өздерінің ұсыныс-тілектерін сауалнама арқылы жеткізді.
Секция отырысын Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары И. Сағынбаев Тамыз кеңесі мерекесімен және жаңа оқу жылымен құттықтау сөзінен бастады.
Секцияда Мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің жалпыға білім беру Үлгілік бағдарламасын енгізу жағдайында мектепке дейінгі білім беру үдерісін жобалау бағытындағы баяндамалар тыңдалып, әр ауданның жыл бойы жасаған жұмыстары туралы видеофильмдер көрсетілді.
Сонымен қатар, «Білім ұясы: «Үздік педагог-2017» облыстық байқауының жеңімпаздары және облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.
Отырыс соңында әр қатысушы-педагог балалардың ілтипатына ие болып,оларға гүл шоқтары ұсынылды. Барлық қатысушыларға әдістемелік көмек көрсету мақсатында нұсқаулықтар, буклеттер, баяндамалар, ұсыныстар жобасы т.б. материалдар таратылды.



