АНАЛАРДЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛҒАН АЛТЫН ТҰҒЫР

    АНАЛАРДЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛҒАН АЛТЫН ТҰҒЫР

    Биыл Отырар оазисінің шығыс бөлігінде орналасқан Ескі Шілік қонысына 200 жыл, ал, Жаңа Шілік ауылының құрылғанына 50 жыл толып отыр. Осыған орай Отан ана мен Жер ананың қадір-қасиетін терең ұғына отырып осыдан 50 жыл бұрын Ескі Шілік елді мекенінде болған су тасқынында қаһарлы қыстың ызғарына қарамай, шаңырағын шайқалтпай аман сақтаған аналарға арналып салынған «ЕЛ-АНА» монументінің ашылу салтанаты өтті. Ардақты аналардың құрметіне арналған нысан елімізге белгілі меценат, жерлесіміз Серікжан Сейітжановтың демеушілігімен салынды.

    Аталған шараға келген мәртебелі меймандарды ауданның кіре беріс бас қақпасынан күтіп алған аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов Жаңа Шілік ауылындағы әлем ақыны, жерлесіміз Мұхтар Шахановтың шығармашылық үйінің экспозициясымен танысуға шақырды. Мұнан соң қонақтар Ескі Шілік ауылының кіреберісіндегі «ЕЛ-АНА» монументінің ашылу салтанатына қатысты. Салтанатты шарада ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың барша жүректерді тербеген «Ана туралы жыр» атты әні шырқалып, ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылды.

    Ашылу салтанатында аудандық М.Шаханов атындағы «Әдебиет және өнер» бірлестігінің төрағасы Сағындық Қыдыр сөз алып, 200 жылдық тарихы бар Шілік ауылының шежіресіне жан-жақты тоқталып, бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктерін әсерлі әңгімелеп берді. Сөз барысында ғалым, технология ғылымдарының докторы, профессор Керімжан Сейітжанов бұл композицияның идеясының пайда болу себептерін айтса, меценат Серікжан Сейітжанов пен сенатор Әлімжан Құртаев ел рухын көтеретін игілікті істің , кейінгі ұрпаққа берер тәлімі мол екендігін сөз етті. «ЕЛ-АНА» монументінің авторы, белгілі мүсінші Жұбай Сағымбеков аналарға арналған тұғырдың негізгі идеясын баяндап берді.

    Салтанатты жиында халық ақыны Әселхан Қалыбекова мен қазақтың қайсар ақын қызы Маржан Есжанова жүрекжарды арнау өлеңдерін оқып, көпшілікті рухты жырларымен бір серпілтіп алды.

    Мұнан соң С.Құртаев атындағы жалпы орта мектебінде «Ескі Шілік қонысына 200 жыл» атты ғылыми конференция ұйымдастырылып, конференция жұмысында аудан басшысы Әдбіғали Жүнісов: «Қазақ халқында «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизмді кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріне, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әрбір азаматтың туған жерге, туған елге қызмет етуі парыз екендігі жайында айтылған болатын. Осы ретте кіндік қаны тамған Шілік ауылына қай кезде де көмек қолын созып, ауылының, туған жерінің өркендеп өсуіне сүбелі үлес қосып жүрген ел ағасы, меценат Серікжан Сейітжановқа қашанда ел құрметі жоғары. «Ер туған жеріне» деген даналар сөзі осындайда айтылса керек.

    Бүгінгі өтіп жатқан игі істер келешекке өлмес өнеге болып қалары сөзсіз»-дей келе ел азаматтарының берекелі істеріне мол табыс тіледі.

    Жиында ел тарихы, Шілік ауылының құрылған кезеңдері мен Кеңестік дәуірдегі ел жағдайы және егемендік алғаннан кейінгі жылдар жан-жақты сөз болып, келелі ойлар айтылды. Конференция барысында «Құтты мекен Шілік» атты кітап жинақтың тұсауы кесілді.

    Шара соңы өмірден өткендерді еске алуға арналған дастарханға ұласып, ас беріліп, Құран оқылды.

    Источник

    Похожие материалы

    gov.5n.kz

    Анализируем открытые данные и публикации официальных источников. Материалы собраны в единой ленте для быстрого поиска и мониторинга.

    © 2026 gov.5n.kz. Информационно-аналитический портал.