Концерттік ұйымдар мен халық шығармашылық орталықтарының республикалық кеңесі өтті

    Концерттік ұйымдар мен халық шығармашылық орталықтарының республикалық кеңесі өтті

    Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы, «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблінің директоры Гауһар Мырзабекова мен еліміздің барлық өңірінен келген 30-дан астам концерттік ұйым мен халық шығармашылық орталықтарының басшылары қатысты.

    Басқосуда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды орындау барысы, өңірлерде мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар сарапқа салынды.

    Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы директорының міндетін атқарушы Елубай Кенжалиев биыл 75 жылдық мерейтойын атап өткен Ақтөбе филармониясы тыңдармандардың талғамын үнемі зерттеп, сәйкесінше қорытынды шығарып отыратынын айтты.

    «Біз әр концерттік бағдарлама кезінде заманауи тәсілдерді, Led экранды пайдалану арқылы визуалды байланыс орнатуға тырысамыз. Сонымен қатар, болашақ аудиторияны қалыптастыру мақсатында филармония орындаушылары орта мектептерде шағын лекция-концерттер өткізіп келеді. Осылайша, облыстық өнер ордасы өзінің болашақ өнерсүйер тыңдармандарының санын арттыруға үлес қосып жатыр. Сондай-ақ, менеджментті дамыту арқылы қосымша шығындарды өзіміз өтей алатындай деңгейге жеттік»,- деді Е.Кенжалиев.

    Мәдениет және спорт вице министрі Нұрғиса Дәуешов мәдениет саласының қызметкерлеріне мемлекеттік қолдау әлі де жүргізілетінін айта келе, осы бағытта халық шығармашылық орталық мамандарына артылатын жүк те, сенім де зор болатынын жеткізді.

    «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік мәдениет және архив ұйымдарындағы лауазымды қызметкерлерінің жалақысы 50%, ал коммуналдық ұйымдардың қызметкерлерінің жалақысы 35%-ға өседі. Қазір министрлік осы бойынша қарқынды жұмыс істеп жатыр. Осы орайда, концерттік бағдарламаларды ұйымдастыру, өткізу үшін меценаттар мен демеушілерді тарта білу де маңызды. Бұл жалпы әлем елдерінде бар тәжірибе. Соның нәтижесінде мемлекеттің қаржыландыруын күтпей кез келген концерттік жобаны кең көлемде өткізуге болады»,-деді.

    Алқалы басқосуға жиналғандар саланың түрлі, түйткілді мәселелерін ортаға салып, өз ұсыныстарын берді. Мәселен, ел ішіндегі концерттік ұйымдардың гастролін бір жүйеге келтіру, коммерциялық конкурстар, аймақтық өнер ошақтарындағы кадр тапшылығы, халық шығармашылық орталықтарының қызметіне қатысты нормативтік құжат қабылдау, аттестациядан өту сынды мәселелер кеңінен талқыланды.

    Источник

    Похожие материалы

    gov.5n.kz

    Анализируем открытые данные и публикации официальных источников. Материалы собраны в единой ленте для быстрого поиска и мониторинга.

    © 2026 gov.5n.kz. Информационно-аналитический портал.