
Бүгін елордада «Жекпе-жек» сарайында Kyokushin World Union (KWU) ұйымы аясында киокушинкай-каратэден IV Әлем чемпионатының ақтық сын бәсекелері өтті.
Естеріңізге сала кетейік, кешегі жарыс күнінің қорытындысы бойынша 5 отандасымыз финалға жолдама алған еді.
Қыздар арасында 50 кг. дейінгі салмақта Людмила Устюгова ұлыбританиялық Бет Роуландс-Хэйлимен кездесті. Людмила белсенді шабуылдап, бірнеше дөп тигізген соққыларының арқасында жеңіске жетті.
Ал 60 кг. дейінгі салмақта Екатерина Гурова ресейлік Екатерина Шеминамен жолы түйісті. Екі спортшы да негізгі уақытта тең түсті. Қосымша белгіленген 2 минутта Гурова тиым салынған әдіс орындағаны үшін ескерту алды. Бұл жолы да тең түскеніне қарамастан алтын ресейліктің еншісінде кетті.
Қыздар арасында 70 кг. дейінгі салмақта татамиге шыққан Әсемгүл Сабырхан Польша өкілі Агата Виниарскаға еш мүмкіндік бермей ел құрамасына екінші алтынды сыйлады.
Ал ерлерден 70 кг. дейінгі салмақта Еркебұлан Бейсембаев ресейлік Артур Крымовпен екі раунд арпалысып, қарсыласына есе жіберіп алды. 85 кг. дейінгі салмақта болгариялықКристиан Дойчевпен күш сынасқан Владимир Артюшин сенімді түрде жеңіске жетіп, алтын алқаны мойнына тақты.
Қазақстан құрамасы жаһандық додада 3 алтын, 2 күміс, 10 қола жүлдеге қол жеткізеді. Сонымен қатар, Людмила Устюгова «Техникалық шеберлігі жоғары» спортшы, ал Екатерина Гурова«Жеңіске деген құлшынысы үшін» номинациясымен марапатталды.
Қола жүлдегер атанған спортшыларымыз: Иоанна Белых (55 кг), Елизавета Липова (60 кг), Эльнара Тоғызбаева (65 кг), Ажар Жақсыбаева, Лидия Бочина (70 кг жоғары), Темірлан Жәнібек (60 кг), Артур Коваленко, Нұрлыхан Сәдуақасов (75 кг), Мерей Сүйінов (90 кг), Никита Гарас (95 кг).
Айта кетейік, байрақты бәсекеге 50 мемлекеттен 300-ден аса спортшы келді. Татами шеберлері Нұр-Сұлтанда 15 салмақ дәрежесі бойынша (ерлер 9 салмақ, әйелдер 6 салмақ) бақ сынады.


