
8 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бокс, карате, дэюдо, таеквондо, грек-рим, еркін және қазақ күресінен 2019 жылғы Конфедерация кубогы аяқталды.
Осымен 4-рет өткен доданың жеңімпаздары кімдер?
Боксшылар арасындағы сайыста Түркістан облысының мерейі үстем болды. Олар финалда Нұр-Сұлтан қаласының былғары қолғап шеберлерін 5:3 есебімен жеңді.
Грек-рим күресінен Шымкент қаласының палуандары жеңімпаз атанды. Қатарынан 3 жыл топ жарып келе жатқан Алматы облысы биыл күмісті місе тұтты.
Осы жылы Конфедерация кубогына алғаш қосылған каретешілер бәсекесінде Алматы қаласының командасы финалда Маңғыстау облысының спортшыларын 3:2 есебімен ұтып, тұғыр биігіне көтерілді.
Еркін күрестен бас жүлде Нұр-Сұлтан қаласының командасына бұйырды. Елордалық боз кілем шеберлері Алматы облысынан 4:2 есебімен басым түсті.
Қазақ күресінен Солтүстік Қазақстанның «Қызылжар Арландары» клубы алғаш рет ақтық сынға жолдама алып, финалда Алматының «Қазақ күресі» ұжымын жеңді.
Таеквондошылар теке-тіресінде Алматы қаласының спортшылары облыс командасынан басым түсіп, кубокты қанжығалады.
Дзюдошылар арасындағы бәсекенің финалында Шығыс Қазақстан мен Ақтөбе командалары кездесті. Тартысқа толы жекпе-жекте ШҚО дзюдошылары 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, 17 командадан 250-ге тарта спортшы қатысқан турнирдің жалпы жүлде қоры – 165 млн. теңге. Бокс, дзюдо, грек-рим, еркін күрес және таеквондодан үздік атанған командалар 12 млн. теңге, 2-орын алғандар 7 млн, 3 орын иегерлері 3 млн. теңгеден бөліп алды.
Ал қазақ күресі каратэден жеңіске жеткен командаларға 10 млн, 2 орын - 6 млн, үздік үштікті түйіндеген ұжымға 4 млн. теңгеден табысталды.



