
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өткен жылы 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2019 жылды жастар жылы деп жариялап, жастардың қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқаратынын айтқан болатын. Еліміздегі жастар саясатын одан әрі жалғастырып, кемел еліміздің келешегі жастар деп, оларға үлкен сенім артқан Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салауатты, саналы ұрпақтың өсіп-жетілуі үшін мемлекет тарапынан барынша қолдаулар болатынны әрдайым айтып келеді.
Жыл басынан бері ауданымызда «Жастар жылына» орай бекітілген кестеге сәйкес ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда аудандық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен 50-ден аса аудандық және облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілген. Соның бірі жыл басында бастау алған жастар арасындағы кіші футболдан «Отырар лигасы» ойындары. Наруыз айында басталып тоғыз айға созылған сайысқа 13 ауыл округінің атынан 13 командадан бөлек ерікті 7 команда қосылып, 20 команда жыл соңына дейін бақтарын сынады.
Бүгін аталған шараның қорытынды жиыны өтіп, тартысты ойында ерекше ойын көрсеткен үздік командалар мен үздік ойыншылар марапатталды.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов сөз алып, салауатты өмір салтын ұстанған жастардың ертеңіне зор сеніммен қарайтынын жеткізсе, ардагер спортшы Жонарбек Қаныбек жалынды жастар әрдайым спортпен шұғалдануы керектігін баса айтты. Мұнан соң аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Дәурен Ақсақалов белсенділік танытқан барлық командаларға аудан әкімінің арнайы алғыс хатын табыстаса, бас төреші Райымжан Әбдірайымов үздік аталымдар бойынша «Алтын доп», «Алтын бутсы», «Алтын қолғап», «Үздік ойыншы» номинацияларының иегерлерін марапаттады.
Сайыс қорытындысы бойынша «Шәмші» және «Фараб» командалары ІІІ және ІІ орындарды өзара бөліссе, Лига ойындарының нәтижесінде бір де бір командадан жеңіліс таппаған «Шәміл-Дүр» командасы «Отырар лигасының» 2019 жылғы чемпиондары атанды.
Жүлделі орын алған командаларға аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ермек Ташов пен ардагер спортшы Жонарбек Қаныбек арнайы медальдар мен сыйлықтарды табыстаса, аудан әкімінің орынбасары "Отырар лигасы-2019" ойындарының арнайы кубогын тұңғыш чемпиондарға тапсырды.


