
Теректі ауданына қарасты Новопавловка ауылында жергілікті әкімнің есеп беру жиыны өтті. Оған аудан әкімі Әділ Жоламанов, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Облыс орталығынан 45 шақырым қашықтықта жатқан ауылда 709 адам тұрады. Округ бойынша 8 шаруа қожалығы және 17 жеке кәсіпкер тіркелген. Аты орысша болғанмен осы Новопавловкада өткен жылы "Жайлаудағы бір күн" атты этно-фестиваль өтіп, күллі облыстың назарын аударған-тұғын. Округтің әкімі Қайрат Жұмақаев жыл бойы жасалған жұмыстарын айтып, 2020 жылға деген жоспарларымен де бөлісті.
Аудан әкімі Әділ Жоламанов Новопавловка ауылы бойынша ауыз су бағасы арзандайтынын айтып халықты бір қуантты. Ал, Новопавловка-Пойма бағытындағы 12 км жол биыл жөндеу көретіні айтылғанда жергілікті тұрғындар "алақайлап" қол соқты. Қуанбай қайтсін, бұл мәселе жылдар бойы өзектілігін жоймаған болатын.
Халық қос әкімнің жұмысына қанағаттанып, тышқан жылынан зор үміт күтетіндіктерін жасырып қалмады.




Әділет ӘЛІБЕКҰЛЫ


