
Бүгін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына арналған отырыс өтті.
Жиынға Семей қаласының зиялы қауым өкілдері мен қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев, Әнет баба атындағы «Қос мұнаралы» орталық мешіттің бас имамы А.Мұқанов, Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының директоры Б.Мусин, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің және Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университетінің ғалымдары, оқытушылары және мәдениет саласының мамандары, мектеп ұстаздары қатысты.
Абай музейінің директорының орынбасары М.Қайрамбаева Президент мақаласы бойынша баяндама жасап, мерейтой барысында музейде атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Халықаралық байланыстар факультеті деканының орынбасары А.Жүндібаева «Абай қара сөздері және аудармалары» атты баяндамасында ақынның қара сөздерінің жанрлық ерекшеліктері мен әр жылдары жарық көрген аудармаларын айта келе, Президент мақаласындағы: «Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек. Ол әлемнің кең таралған негізгі тілдеріне барлық бояуын сақтай отырып аударылуы тиіс. Бұған біз толық қол жеткізе алдық деп айту қиын. Нағыз ұлт ақындарын өзге тілдерге аудару – оңай шаруа емес. Аудармашы да сол ойшылдың деңгейіндегі талант болуы керек»,-деген Қасым-Жомарт Кемелұлының ойларына тоқталды.
Т.Аманов атындағы №16 мектеп мұғалімі Г.Кунафина «Абайтану және педагог мәртебесі» атты баяндамасында, абайтану мектеп қабырғасынан бастау алатындығын, биылғы жылдан Абай оқулары жаңа үлгіде өтетіндігін, сондай-ақ тереңдетіп оқыту үшін «Абайтану» оқулығы 5 сыныптан бастап оқытылатындығын да жеткізді.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші Н.Өтепбаев Абай келбеті бейнелеу өнер туындыларында дұрыс берілуі қажеттігіне тоқталып, Президент Қ.Тоқаев мақаласындағы музейдің ғылыми зерттеу орталығына айналса деген ойымен келісетіндігін білдірді. Өңірге келетін туристерге жасалатын мүмкіндіктер туралы да өз ұсыныстарын білдірді.
Бас имам Асқар Әбітайұлы: «Біздің ойшыл Абай, хакім Абай – әлемдік деңгейде діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға»,- деген мемлекет басшысының сөзін негізге ала отырып, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасымен Семей өңірлік мешіттер арасында мерейтой қарсаңында өткізілетін республикалық конференция, ғылыми мақала бәйгесі, сондай-ақ өңір бойынша Абайдың рухани мұраларын дәріптеу мақсатында өтетін шаралардың жоспарларымен бөлісті.
Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Серікқазыұлы Президент бұл тойдағы басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқанындай қасиетті мекенде өтетін Ұлы Абайдың тойынан да, ойынан да болашақ ұрпақ тағылым алатын дәрежеде өткізу қажет екенін атап өтті.



