
Аудан әкімінің кезекті ауыл тұрғындары алдындағы есеп беру жиыны Көксарай ауыл округінде өз жалғасын тапты.
Ауыл округіндегі есеп беру жиынында көксарайлықтар аудан әкімінің өткен жылы атқарған жұмыстарына арнайы дайындалған бейнесюжет арқылы көпшілік куә болды.
Жалпы көксарайлық ағайындардың өткен жылға өкпесі жоқ. Себебі, өткен жылғы ағын судың тапшылығына қарамастан ауыл дихандары біршама жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді. Егістікалқаптарға жүгері, жоңышқа, көкөніс және бақша дақылдары егіліп, егістік көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 240 гектарға ұлғайып отыр. Қарқынды бау шаруашылығын дамыту бағытында 5 гектар жерге жеміс ағаштары егіліп, көшеттер отырғызылған. Ауылшаруашылығына қажетті 4 техника алынып, жаңартылды. Еңбекқор шаруалардың нәтижелі жұмыстарының арқасында ауыл округіндегі «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары толық орындалған.
Өткен жылы ауыл тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып келген сапалы таза ауыз сумен қамту жұмыстары биыл жүзеге асқалы отыр. Ауыз су жүйелерін қайта қалпына келтіру жұмыстары республикалық бюджетке ұсынылып, жоба мақұлданды. Енді ағымдағы жылы жалпы құны 936 млн.теңге болатын құрылыс жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар таза сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Жиын барысында аудан әкімі ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтіп, көпшілік тарапынан туындаған сауалдарға нақты жауаптар берді.
Ауыл тұрғындарының өткен жылы атқарған жұмыстарына өте жақсы деген бағасын алған аудан басшысы көксарайлықтарға ынтымақ пен бірлік бар жерде ғана берекелі тірлік болатындығын айтып, ыстық ықыластарына өз алғысын білдірді.



