
Бәріміз ауасын жұтып, Тәңірдің сыйға берген ризық-несібесін теріп жеп келе жатқан мына жұмыр жердің бетінде қиналған жанға жүрегінен жылу сыйлап, жанашырлық пейілімен көмек қолын созып, шынайы қамқорлығын нақты істер арқылы жарқыратып көрсете білетін қазақтан мейірімді, қазақтан қайырымды халық бар ма екен?!
Сан ғасырлар бойы атадан балаға жалғасып, озық үлгі-өнеге ретінде үзілмей жалғасып келе жатқан осындай ізгілікті қасиетке толы үрдіс Көксарай, Балтакөл ауылдарында көрініс тапты. Осы ауылдың жомарт та мейірімді, қайырымды Молдалы Алтай, Шалқар Қуандық, Серғазы Батырбеков және Сабыржан Досжанов сынды шарапаты мол азаматтары әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген көп балалалы отбасыларға екі тұрғын үй сатып әперіп, азық-түлікпен қамтып, отбасы мүшелерін қуанышқа кенелтті.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен өтіп жатқан «Қамқорлық» бағдарламасына қызу үндерін қосқан қайырымды азаматтардың демеушілігімен сатып алынған үйлерде арнайы болған аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов құтты қонысқа қолдары жетіп, шексіз қуанышқа кенелген отбасыларды жаңа қоныстарымен жылы лебіздері арқылы құттықтап, бағалы заттай сыйлықтарын табыс етті.
Өздерінің жеке қаржыларынан қиналмастан 6 миллион теңге шығарып, ауылдастарына қуаныш сыйлаған жомарт жүректі жандарға алғысын айтқан әкім олардың алдағы қызметтеріне бақ-береке мен толағай табыстар тіледі.



