
Бүгін аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов өткен жылы атқарған жұмыстары жөнінде халыққа есеп беру жиынын Ақтөбе ауыл округінде бастады.
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан күш атасы Қажымұқанның ауылында өткен жылы біршама жұмыстар атқарылған. Ауыл округі бойынша егін шаруашылығы биылғы жылы ағын судың тапшы болуына қарамастан, жоғары өнімге қол жеткізілді. Соңғы жылдары күзде сүдігер айдап, сор шаю жұмыстарын уақытылы агротехникалық талаптарды сақтаған шаруашылықтардың табысы артқан. Көп жылдардан бері бірінші рет 200 гектарға күздік бидай егіліп, жекелеген жер учаскелерінен екі рет өнім алынды. Ауыл шаруалары қуатты 5 жаңа ауылшаруашылығы техникаларын алып, суғармалы жерлерді игеру бойынша 250 гектар жер егістік алқапқа қосылған.
Сондай-ақ, өткен жылы «Р-1», «Ақ-Арық» каналдарының ЖСҚ-лары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жыл соңына «Р-1» каналының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 190 млн теңге қаржы бөлінді. «Бейсебай арық»» каналының күрделі жөндеу жұмыстары басталып, бетонмен қаптау үшін арнасына реттеу жұмыстары жүргізілді. Ауыл округінде «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары мен атаулы әлеуметтік көмектің шартты бағыты бойынша және өз төлдерінің есебінен мал басы артқан. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы бойынша М.Әлімбеков, Б.Сейілбеков, Жаңа көше-2 көшелеріне 780 м оқушылар және жаяу жүргіншілер жүретін ең қажетті жерлерге тас төселіп, 8 контейнер алынды. «Бірлік», «Жаңа көше-2» көшелеріне де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді
Келелі кездесуде Әбдіғали Жүнісов аудан көлемінде үстіміздегі жылы атқарылатын ең маңызды деген жұмыстарды баяндай келе, көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді. Есеп беру жиынының қорытындысы бойынша тұрғындар аудан әкімінің жұмысына жақсы деген бағаларын беріп, алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тіледі.



