
Түс ауа аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов өзінің есеп беру жиынын Темір ауыл округінде жалғастырды.
Халқы тығыз орналасқан ауыл округінде өткен жылы біршама жұмыстардың атқарылғанын аңғаруға болады. Мәселен ауыл округінің орталығындағы «Ардагерлер» саябағының жарықшамдары толықтай жаңартылған. Темір ауылындағы ұзындығы 700 метр болатын Ы.Мизамбаев көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізілсе, республикалық маңызы бар Р-31 автокөлік жолының бойындағы аркалар түрлі-түсті жарықтармен безендіріліп «Алпамыс бөбекжай» балабақшасына баратын жолға күн сәулесінен жарық алатын жарықшамдар орнатылды. Сонымен қатар ауылдағы ұзындығы 1,7 шақырым болатын Б.Момышұлы көшесі мен ұзындығы 1300 метр болатын Ә.Қаныбеков көшесі асфальтталған.
Аталған ауыл округінде қайырымды жандар мен демеушілер есебінен көптеген игілікті істер қолға алынған. Атап айтсақ, «Заречное» БК мекемесінің көмегімен ауылдық мәдениет үйі мен «Алпамыс бөбекжай» балабақшасы және ауылдың теріскей бетіндегі ауыл тұрғындарының малдарына суат ретінде 3 ұңғыма (скважина) қазылды. Аудандық маңызы бар Отырабат елді мекеніне баратын жолдағы көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстары да демеушілер есебінен жүргізілген. Сондай-ақ ауыл азаматтары мен ауыл округінен сайланған аудандық мәслихат депутаттарының демеушілігімен аз қамтылған отбасыларға қаржылай да азық-түлік алу жағынан да көмектер көрсетіліп келеді.
Жиын барысында аудан басшысы 2020 жылы да Темір ауылында бірқатар игілікті істердің атқарылатындығына тоқталды.
Аудан басшысының өткен жылы атқарған жұмыстарына өте жақсы деген бағасын берген Темір ауылының жұртшылығы ақ баталарын беріп, алдағы істеріне ақ жол тіледі.



