
Түс ауа аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов өзінің халық алдындағы кезекті есеп беру жиынын Қоғам ауыл округінде жалғастырды.
Есеп беру жиынында көпшілік аудан әкімінің өткен жылы атқарған жұмыстарын арнайы дайындалған бейнесюжет арқылы көріп танысып шықты.
Есепті жыл ішінде қоғамдық ағайындар үшін көптеген игілікті істер атқарылды. Атап айтар болсақ, 2019 жылы ауыл округіне қарасты Мыңшұқыр елді мекенінде 320 орындық «Мыңшұқыр» жалпы орта мектебініңқұрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ осы елді мекендегі 12 пәтерлік 2 тұрғын үй «Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС-нің өз қаржысы есебінен салынып, ел игілігіне берілді. Бабтардың бабы Арыстанбаб бабамыз жатқан киелі аймақта туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында баба кесенесі мен Отырартөбенің кіре берісін абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Қоғам елді мекенінің орталық көшесі Ұ.Арғынбеков даңғылының бойына абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жалпы ұзындығы 3,8 шақырым болатын веложол, 7,6 шақырымға аяқжол салынды.
Ауыл округі аумағындағы Бейбітшілік көшесіне асфальт төселіп, орташа жөндеу жұмысы, Мыңшұқыр елді мекеніндегі Пышақшы, Қоғам елді мекеніндегі Ж.Жұмагелдиев көшелеріне тас төсеу, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жиын барысында сөз алған ауыл қариялары мен зиялы қауым өкілдері өткен жыл да қоғамдықтар үшін ерекше табысты жыл болғандығын айтып, алдағы жылдары да ауқымды жұмыстар атқарылатынына сенім білдірді.
Ауыл тұрғындары аудан әкіміне өте жақсы деген баға беріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.



