Қызылорда облыстық прокуратурасымен 2012 жылы қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы заңдардың қолданылуын қадағалау барысында біршама жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда, осы бағытта үстіміздегі жылы барлығы 44 (2011ж. - 67) тексеру ұйымдастырылып, олар бойынша 71 (53) ұсыныс, 5 наразылық (11) енгізіліп, онымен 7 (11) актінің күші жойылса (4-уі нормативтік құқықтық акт (2011-ж 2)), әкімшілік жауапкершілікке 52 (198), тәртіптік жауапкершілікке 44 (45) тұлға тартылып, табиғатқа келтірілген 1 млрд. 207 млн. теңгеден астам (193,8 млн.) залал мемлекет пайдасына өндірілді.
Сонымен қатар, қоршаған ортаға келтірілген залалды өндіру мақсатында сотқа 1.040.358 теңгеге 5 талап арыз келтіріліп, олардың барлығы толығымен қанағаттандырылды (2011-ж -0).
Жалпы биылғы жылы бұл бағытта жүргізілген тексерулермен қоршаған ортаға эмиссияға экологиялық рұқсат алмау, өндірістік қалдықтарды орналастырғаны үшін міндетті төлемдерді төлемеу, шарт бойынша міндеттемелерді орындамау және басқа да тағы сол сияқты көптеген заң бұзушылықтар анықталды.
Мысалы, облыстық прокуратураның бастамасымен тиісті уәкілетті органдармен «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-нің қызметінде жүргізілген тексерумен аталған серіктестік рұқсатсыз өндірістік қалдықтар орналастырып, қоршаған ортаға эмиссиялардың нақты көлемi бойынша салық төлемегені анықталып, нәтижесімен ол серіктестіктен мемлекет пайдасына 1 млрд. 98 млн. теңгеден астам қаржы өндірілді.
Сонымен қатар, келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау жағдайы да үнемі назарда болып, бұл бағытта жүргізілген тексеру нәтижесімен кең таралған пайдалы қазбаны игеруге қатысты жасалған бір келісімшарт бұзылды.
Нақтыласақ, «Оңтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ-ның қатысуымен құрылған «Берік саз» ЖШС-гі 15.04.2010-жылғы №94 санды жер қойнауын пайдалану құқығын беруге қатысты жасалған келісімшарт бойынша жұмыс бағдарламасын және қаржылық міндеттемелерін орындамаған.
Осыған сәйкес, облыстық прокуратурамен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына енгізілген ұсыныстың қаралу қорытындысымен «Берік саз» ЖШС-мен жер қойнауын пайдалануға қатысты жасалған келісімшарт 30.05.2012 жылы бір жақты бұзылып, заң бұзушылыққа жол берген аталған басқарманың жер қойнауын пайдалану бөлімінің бастығы «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, аңшылық шаруашылығын жүргiзу шарттарының талаптарын жүйелi түрде бұзылуына жол берген «Фемида KZ» ЖШС-нің «Сұлутөбе» аңшылық алқабын пайдалану құқығын тоқтатып, келісім шартты бұзуға шаралар көру жайлы облыстық прокуратурамен Қызылорда облыстық орман және аңшылық шаруашылық аумақтық инспекциясына енгізілген ұсыныстың нәтижесінде келісімшартты біржақты бұзуға қатысты сотқа талап арыз беріліп, ол толығымен қанағаттандырылып, келісімшарт бұзылды.
Прокурорлық қадағалау барысында жануарлар дүниесін қорғауға бағытталған заңнамалардың қолданылуы да назардан тыс қалған жоқ.
Мысалы, балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі бастығының заңсыз нормативтік құқықтық сипатта акті қабылдау арқылы жасалған заңсыз әрекеті әшкереленді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 07.03.2012 жылғы №303 санды Қаулысымен бекітілген «Балық ресурстары мен басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салу» Ережесінің 2-тармағымен Арал-Сырдария балық шаруашылығы бассейні бойынша Кiшi Арал теңiзiнiң су айлағында 1 мамырдан 10 маусымды қоса алғандағы аралықта балық аулауға тыйым салу енгізілген.
Алайда, Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясын Кiшi Арал теңiзiнiң су айлағында балық аулауға тыйым салу мерзімін 15 мамырдан 25 маусым аралығы ретінде өз еркімен өзгерткен.
Осыған сәйкес, аталған бұйрықтың күші жоюға қатысты наразылық енгізіліп, ол қанағаттандылса, облыстық прокуратурамен енгізілген ұсыныстың қаралу қорытындысы бойынша Балық шаруашылығы комитеті төрағасының 02.08.2012 жылғы бұйрығымен заңсыз шешім қабылдаған Инспекция бастығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, облыстық прокуратураның ҚР Үкіметінің 18.03.2005 жылғы №246 Қаулысымен бекітілген «Балық аулау» Ережесінің 11-тармағын жоғарыда аталған қолданыстағы заңнамаларға сәйкестендіруге байланысты наразылық енгізуге қатысты облыстық прокуратураның ұсынысы Бас прокуратурамен қолдау тапты.
Құқыққа қайшы әрекеттердiң нәтижесiнде қоршаған ортаға келтiрiлген зиянның орнын толтыруға бағытталған жұмыстар да өз жалғасын табуда.
Мысалы, ҚР ҚК-нің 288-бабының 3-бөлігімен сезіктелген Е.Қалдибеков пен Б.Утегеновке қатысты қылмыстық іс 21.02.2012 жылы рақымшылық жасау туралы заңына сәйкес өңдірістен қысқартылуына байланысты атуға тыйым салынған киіктерді заңсыз аулаумен мемлекетке келтірілген 971 мың теңге Қызылорда қалалық прокуратурасының сотқа берген талап арызы негізінде өндірілді.
Жалпы бұл сотқа берілген 5 талап арыз негізінде қылмыстық браконьерлік жолмен мемлекетке келтірілген 1 млн. 300 мың теңге шығын өндірілді.
Сонымен қатар, өңіріміздің экологиялық қасірет шеккен аймақ екені назарға алына отырып, жалпы экологиялық ахуалға байланысты халықтың арасында тұрақсыздықтың пайда болуын тудыруы мүмкін жағдайлар да алдын-ала зерделеніп, тиісті прокурорлық шаралар көрілуде.
Атап айтқанда, қазіргі таңда Шиелі ауданы тұрғындарын толғандырып жүрген ең маңызды мәселелердің бірі, ол уран өндірісі мен уран өндіру үрдістерінің аталған аймақтағы экологиялық жағдайға әсері болып табылады.
Осыған сәйкес, халықтың арасындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және мемлекетке сенімдігін арттыру мақсатында облыстық прокуратурамен олардың көтеріп отырған мәселесі бойынша қадағалау аумағында тұрақсыздықты болдырмау мақсатында алдын-ала Шиелі ауданының көлемінде тиісті құзырлы органдардың көмегімен тәуелсіз экологиялық зерттеулер жүргізілді.
Онда ауыз су, ауа, топырақ, көкөніс пен дәнді дақылдар, далалық және ауыл шаруашылық егістіктерінде, қоғамдық орындар мен дайын өнімдерді тиеу орындарында зерттеу жұмыстарымен қатар, гамма-радиациялық зерттеу жұмыстары қамтылды.
Нәтижесінде барлық зерттелген жерлердегі радиациялық фон рұқсат етілген сәуле қуатынан көп төмен және су үлгілеріндегі химиялық элементтер мөлшері қалыпты шамада, сондай-ақ үлгі алынған барлық нүктелердегі ауыз су таза және ішуге жарамды екендігі бекітілді.
Сондай-ақ, далалық егістіктер мен топырақтың және көкөніс пен дәнді дақылдарды зерттеу қорытындылары, олардың радиоактивтілігі рұқсат етілген мөлшерден әлде қайда төмен екендігін көрсетті.
Сонымен жалпы зерттеу нәтижесімен Шиелі ауданындағы уран өндірісі мен ол үшін қолданылып жатқан кенді шаймалау арқылы алу әдісінің қоршаған ортаға әсері бойынша экологиялық жағдай қалыпты және ауылдық елді мекендерге тән – радиоактивті және зиянды заттармен ластану деңгейі қауіпті емес екендігі бекітіліп, уран өндіру үрдістерінің аталған аймақтағы экологиялық жағдайларға әсері дәлелденбегені жайлы қорытынды жасалды.
Уран төңірегіндегі мәселенің жәй-күйін ақпарат ретінде Бас прокурорға баяндалып, уран өндірісі орналасқан ел ішінде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тиісті іс-шаралар орындалды.
Жалпы өңіріміздің экологиялық аймақ екені ескеріле отырып, «Қызылорда облысының экологиялық төлқұжаты» атты оқу-әдістемелік құрал шығарылып, күнделікті қызмет бабында пайдалану үшін барлық, қала, аудан прокурорлары мен тиісті уәкілетті органдарға пайдалануға жолданды.
Облыстық прокуратурамен жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың, сондай-ақ шаруашылық жүргізу субъектілерінің қызметтерінде қоршаған ортаға эмиссиялар бойынша заңдылықтың сақталуына жүргізілген тексеру қорытындысы 28.08.2012 жылы облыстық прокуратураның алқа мәжілісінде қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Ол бойынша орналастырылған ластаушы заттар бойынша бюджетке төленетін төлемдердің толық көлемде әрі уақытылы төленуін қамтамасыз ету үшін және осы бағыттағы мүдделі барлық органдардың іс-қимылы мен әрбір әрекеттерінің тәртібін әзірлеу мақсатында уәкілетті, салық, прокуратура органдары мамандарынан жұмысшы топ құрылып, бүгінгі күнге 29 табиғат пайдаланушыдан 369 млн. теңге қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатсыз орналастырғаны үшін өндірілді.
Сонымен қатар, облысымыз мұнайлы өңір екені ескеріле отырып, облыс прокуратураның бастамасымен облыстық прокуратура, қаржы полициясы, ішкі істер органдарының бірінші басшылары мен жауапты қызметкерлерінен облыс көлемінде мұнай ұрлығымен күресу, оның алдын алу, әшкерелеу, жою бағытында ведомствоаралық мобильдік топ құрылып, оның негізгі міндеттері мен мақсаттары «көлеңкелі экономика», оның ішінде еліміздің қаржылық жағдайына тікелей әсер ететін мұнай ұрлығымен күресу, оны әшкерелеу мен алдын-алу, сондай-ақ түпкілікті жою болып белгіленді.
Былтырғы жылы мұнай өнімінің заңсыз айналымы 10 млрд. 817 млн теңгені құрайтын 81,5 мың тонна болды. Онымен 24 қылмыстық іс қозғалса, оның ішінде аталған мобильдік топ құрылғаннан кейін 14 қылмыстық іс қозғалды.
Нәтижесімен қазіргі кезде облыс көлемінде мұнай ұрлығымен күресу, оның алдын алу, әшкерелеу, жою бағытында ведомствоаралық мобильдік топпен осы қысқа мерзімде мұнай өнімінің заңсыз айналымына өңірімізде тоқтау салынды.
Сонымен қатар, облысымызда басты проблемалардың бірі болып экологиялық ахуал болып қала бермек.
Осыған сәйкес, облыстық прокуратурамен «Арал өңірінде әлеуметтік-экологиялық жағдайды жақсартамыз» атты Серпінді жоба жасақталып, ол Бас прокуратурамен қолдау тапты.
Аталған Жобаның мақсаты, ескірген және заңнама талаптарына қайшы келетін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңының әрекет етпейтін нормаларын анықтау, жаңа және пәрменді әлеуметтік кепілдіктер әзірлеу үшін құқықтық болжамдар жасау, зиянды әділ өтеуді қамтамасыз ететін белгіленген экологиялық коэффициенттерді қайта қарау болып табылады.
Бұл бағытта атқарылған жұмыстар нәтижесі 29.06.2012 жылы облыс әкімі жанындағы облыстық жедел штаб пен облыс бойынша заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру Кеңесінің бірлескен отырысында қаралып, тиісті шешім қабылданды.
Қорытындысымен бұл бағытта атқарылған жұмыстар мен Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғауға бағытталған аталған заңға өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ олардың әрекет етпейтін нормалары бойынша ұсынысымыз Бас прокурорға қызметтік хатпен жолданды.
2012 жылдың қорытындысымен өткізілген алқа шешімімен барлық қала, аудан прокурорларына алдағы уақытта қоршаған ортаны қорғау, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы заңдардың қолданылуын қадағалау барысында аса мән беретін жағдайлар бекітіліп берілді.
Жалпы қоршаған ортаны қорғау, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы заңдардың қолданылуына прокурорлық қадағалау жұмыстары өз жалғасын табуда.
Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі



