Сырдария аудандық прокуратурасымен еңбек туралы заңнамаларының орындалуына жүргізілген мониторинг нәтижесімен жекелеген ұйымдармен азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілетіндігі анықталды.
Нақтылағанда, уәкілетті мемлекеттік органдардың (аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі) мәліметіне сәйкес Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде орналасқан «Қайнар» МКК-ны 30 жұмысшыға ағымдағы жылдың мамыр айына 149 700 теңге, маусым айына 761 500 теңге, шілде айына 704 900 теңге, тамыз айына 513 400 теңге (барлығы 2 129 500 теңге) жалақы қарыздары қалыптасқан.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 24-бабының 2-бөлігіне сай әркімнің еңбек ету бостандығына және еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 23-бабының 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші қызметкерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақтылы және толық мөлшерде төлеуге міндетті.
Сондай-ақ, жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшалай нысанда айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді, жалақы төленетін күн еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделеді (Кодекстің 134-бабының 1-тармағы).
Дегенмен, «Қайнар» МКК-ны тарапынан кәсіпорын жұмысшыларына тиесілі жалақылары төленбей, олардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтірілуде.
Осы тектес заң бұзушылықтарға «С.Сейфуллин Жер» ЖШС-мен жол беріліп, 2012 жылдың тамыз айына 84 жұмысшыға 2 357 200 теңге жалақыдан қарыздары қалыптасқан.
Осыған байланысты, 11.10.2012 жылы аудандық прокуратурамен Қызылорда облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне (бұдан әрі - Департамент) ұсыныс енгізіліп, оның қаралу нәтижесімен Департаментпен «Қайнар» МКК-на және «С.Сейфуллин Жер» ЖШС-не ӘҚБтК-нің 87-бабының 4-тармағымен 100 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салынған.
Бұл орайда, Департаментпен ұйымдарға берілген ұйғарымдардың тиісті дәрежеде орындалмайтындығы, сәйкесінше Департамент тарапынан бақылаудың тиісті дәрежеде жүргізілмейтіндігі, тек прокуратураның араласуынан кейін тиісті әкімшілік жазалар қолданылғандығы байқалады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 29 қазандағы N1132 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгі туралы» Ереженің (бұдан әрі - Ереже) 9-тармағының 1)-тармақшасына сай министрліктің (Департамент аталған министрліктің аумақтық органдар тізбесіне енгізілген) негізгі міндеттеріне еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жатқызылған.
Сондай-ақ, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен Департаментке ай сайын аудан бойынша жалақыдан қарыздары қалыптасқан мекемелер туралы мәліметтер жолданатындығын ескерсек, Департамент тарапынан аудан бойынша жалақыдан қарыздары қалыптасқан мекемелер туралы мәліметтерді біле тұра, оны жоюға әрекетсіздік танытып, Ережеде көрсетілген міндеттерін орындамайтындығын байқатты.
Жоғарыдағылардың негізінде, өз міндетін тиісті дәрежеде атқармай, бақылауды әлсіретіп, барлығы 114 жұмысшылардың («Қайнар» МКК-ның және «С.Сейфуллин Жер» ЖШС-нің) уақытылы жалақы алуына ықпал жасамағаны үшін Департамент бастығының міндетін атқарушысының 19.11.2012 жылғы №437 бұйрығымен Департаменттің жауапты инспекторы «ескерту» тәртіптік жазасына тартылды.
Қызылорда облыстық прокуратураның баспасөз қызметі


