Сырдария аудандық прокуратурасымен «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Сырдария аудандық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесінде (бұдан әрі – ветеринариялық инспекция) 2012 жылдың 2-жартыжылдығына арналған тексерулерді жоспарлауда және жеке кәсіпкерлік субъектілерін тәуекел дәрежесіне қарай тәуекел топтарына жатқызу барысында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, жеке кәсіпкерлік туралы заңнама талаптарының сақталуына тексеру жүргізілді.
Ветеринариялық инспекциямен 2012 жылдың 2-жартыжылдығына ветеринариялық саласындағы субьектілерді тексеру жоспарына аудан бойынша 116 тұлға, оның ішінде 84 жеке кәсіпкерлік субьектілері енгізіліп, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылдың 8 мамырындағы №30-04/240 бұйрығымен бекітілген.
Тексерумен ветеринариялық инспекциямен тексерілетін субъектілерді тәуекел дәрежесіне қарай тәуекел топтарына жатқызу және оларды тексеру кезеңділігін айқындау барысында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) талаптарының бұзылуына жол берілгендігі анықталды.
Заңның 13-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар тексерілетін субъектілерді тәуекел дәрежесіне қарай жоғары, орташа не болмашы тәуекел топтарына жатқызады және олар үшін жоспарлы тексерулер жүргізудің кезеңділігін айқындайды.
Осы баптың 4-тармағында жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдері бақылау және қадағалау органдарының және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітілетіндігі белгіленген.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2011 жылғы 30 маусымдағы №18-02/366 және Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрінің 2011 жылғы 2 тамыздағы №228 бірлескен бұйрығымен «Ветеринария саласында жеке кәсіпкерлік аумағындағы тәуекел дәрежесін бағалау» Критерийлері (бұдан әрі - Критерийлер) бекітілген.
Келесі кезеңде бағалау қорытындысы бойынша жинақталған баллға байланысты қадағалау нысандары ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерінің қосымшасындағы тәуекелдер дәрежесін бағалау Критерийлеріне сәйкес жоғарғы дәрежелі тәуекелге - 45 балл және одан жоғары, орташа дәрежелі тәуекелге - 30 дан 45 дейін баллға дейін, болмашы дәрежелі тәуекелге - 30 баллдан төмен болып бөлінеді (Критерийлердің 4-тармағы).
Бұл орайда, ветеринариялық инспекциямен 2011 жылы жүргізілген тексеру қорытындысымен 30 баллдан төмен жинаған субьектілер болмашы тәуекелге жатқызылуы тиіс.
Заңның 13-бабының 2-тармағының 1)-тармақшасында ветеринария, карантин және өсімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласында болмашы тәуекел дәрежесі кезінде – үш жылда бір реттен жиі емес тексеру кезенділігі айқындалған.
Алайда, ветеринариялық инспекциямен 2011 жылдың 31 қазанында «Сарғали» ШҚ-на №79 тексеруді тағайындау актісінің негізінде жүргізілген жоспарлы тексерудің нәтижесімен 2 баллды құрайтын заң бұзушылық анықтала тұра (мал қораларын дезинфекциялау тосқауылдарымен қамтамасыз етілмегендігі) бұл шаруа қожалығын жоғары тәуекел дәрежесіне заңсыз жатқызып, 2012 жылдың 2-жартыжылдығына арналған тексерулер жоспарына қосу үшін 27.04.2012 жылғы №74 шығыспен облыстық аумақтық инспекциясына тиісті хат жолданылған.
Сол сияқты, «Байзақ» ШҚ (16 балл), «Маханғалиев» ШҚ (13 балл), «Жумахметов К» ШҚ (10 балл), «Сәулебек» ШҚ (4 балл), «Дүр» ШҚ (10 балл), «Алиакбар Ата» ШҚ (8 балл), «Мырзабек» ШҚ (2 балл), «Ағзамбек» ШҚ (6 балл), «Ақжарма Жер» ЖШС (4 балл), «Шаған Жер» ЖШС (4 балл) кәсіпкерлік субьектілері заңсыз жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған.
Аталған кәсіпкерлік субъектілердің қызметінде тексеруге дайындық әрекеттерін тоқтатуға байланысты 16.10.2012 жылы ветеринариялық инспекциясына аудандық прокуратурамен наразылық келтіріліп, оның қаралу нәтижесімен (19.10.2012 жылғы наразылыққа жауап хатпен) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 12-бабы 1-тармағының 12)-тармақшасымен қаралған сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтың (заңды тұлғаларға олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда көрiнеу кедергi жасау) алдын алынғандығын атап өткен жөн.
Бұл ретте, аталған заң бұзушылықтар тек прокуратураның тексеруімен анықталып отырғандығы жоғары тұрған орган – Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы тарапынан ведомствалық бақылау мүлдем жүргізілмейтіндігін байқатты.
Заңның 28-бабының 2-тармағының 5)-тармақшасына сәйкес жоспарлы тексеру тағайындау кезінде алдыңғы тексеруге қатысты уақыт аралығын бұзу – осы Заңның талаптарын өрескел бұзушылыққа жатады.
Ветеринариялық инспекциясының қызметінде жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасының сақталуы өз дәрежесінде жүргізілмейтіндігіне бұған дейін аудандық прокуратурамен жеке кәсіпкерлер Л.Дүзімбетова мен Э.Файзыбаевалардың өтініштеріне сәйкес жүргізілген тексерудің нәтижесімен Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының 2012 жылғы 4 қазандағы №160-к бұйрығымен ветеринариялық инспекциясының ветеринариялық санитариялық инспекторы Т.Тоқманұлына «ескерту» түріндегі тәртіптік жазасы қолданылғандығы дәлел болады.
Қызылорда облыстық прокуратураның баспасөз қызметі



