Қармақшы аудандық прокуратурасымен аудандық білім бөлімінде қорғаншы және қамқоршы органдарында қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуға жәрдемақы тағайындау, төлеу және осы санаттағы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған заң талаптарының сақталуына тексеру жүргізіліп, нәтижесімен өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгендігі анықталды.
Бүгінгі күні, аудандық білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық органында 46 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тіркеліп, олардың ішінде 42 жасөспірім балалар 35 қамқоршы мен қорғаншыларының қолында тәрбиеленсе, патронаттық тәрбиедегі 4 жасөспірім балалар 3 патронаттық тәрбиешілерінің қарамағында тәрбиеленуде.
Аудандық білім бөлімімен республикалық бюджеттен жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп ұстауға қорғаншы мен қамқоршыларына 2012 жылдың өткен мерзімінде барлығы 7 475 000 тенге бөлініп, жыл қорытындысымен аталған қаражаттың 7 424 400 тенгесі игеріліп, қалған 50 600 тенгесі мемлекет бюджетіне қайтарылса, аудандық білім бөлімімен жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп ұстауға қорғаншы мен қамқоршыларына ай сайын бір балаға 16 180 тенгеден төленетіндігі анықталды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мемлекеттік қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қаулысының (бұдан әрі – Қағида) 9-тармағының 15-тармақшасына сәйкес, қорғаншылық және қамқоршылық органдары қамқорлыққа алынушының денсаулық жағдайы және оны тәрбиелеу жөніндегі, сондай-ақ кәмелетке толмағанға тиесілі мүлікті басқару жөніндегі жұмыс туралы есептерді қамқоршылардан осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес жарты жылда бір рет талап етеді делінген.
Қазақстан Республикасы «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 112-бабының 5-тармағына сәйкес, қорғаншы кемінде жылына бір рет қорғаншы және қамқоршы органға қамқоршылыққа алынушының денсаулық жағдайы туралы және оны тәрбиелеу жөніндегі, сондай-ақ оның мүлкін басқару жөніндегі жұмысы туралы есеп беріп отыруға міндетті.
Қаулының 19-тармағының 10-тармақшасына сәйкес, қорғаншылық және қамқоршылық органдар балаларға қорғаншылар мен қамқоршылардан өздерінің міндеттерін жүзеге асыруды талап етуге міндетті.
Алайда, аудандық білім бөлімі жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық органымен жоғарыда аталған заң талаптары назардан тыс қалып, жасөспірім М.Маханованың қорғаншысы болып белгіленген Қ.Шенеуовадан 2012 жылдың өткен мерзімінде қорғаншылығындағы М.Маханованың денсаулығы мен тәрбиелеу жөніндегі есептері мүлдем алынбай, жасөспірімнің қорғаншысы Қ.Шенеуованың өз міндеттерінің заңды орындалуына ешқандай бақылау әрі тексеру жұмыстары жүргізілмесе, дәл осындай заң бұзушылықтар аудандық білім бөлімі жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық органының есебінде тұрған 27 жасөспірім балаларға қатысты орын алып, жоғарыда аталған заң талаптарының өрескел бұзылуына жол берілгендігі анықталды.
Сонымен қатар, Қағиданың 9-тармағының 19-тармақшасына сәйкес, қорғаншылық және қамқоршылық органдары отбасына орналастыруға, оның мүлкіне қатысты мәмілені жасауға он жасқа толған баланың келісімін анықтайды және оған қолжетімді нысанда аталған рәсімдердің мәнін түсіндіреді деп көрсетілген.
Оған қарамастан, аудандық білім бөлімі жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық органымен С.Салтөреевтің қамқорлығындағы 20.12.1997 жылы туылған Е.Салтөреевтен, Қ.Әлиеваның қорғаншылығындағы 07.03.1997 жылы туылған С.Ахметовтен және Ә.Бақбергенованың қорғаншылығындағы А.Есжановтардан осы күнге дейін оларды асырап алуға келісімдерін анықтау жұмыстары жүргізілмеген.
Қағиданың 9-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, қорғаншы және қамқоршы органдары жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), патронатқа, асырап алуға тiлек бiлдiрген азаматтардың есебiн жүргiзедi, iрiктейдi және қажеттi әдiстемелiк, психологиялық және заңдық көмек көрсету арқылы дайындайды деп көрсетілгенімен, қорғаншы және қамқоршы органымен бұл бағытта ешқандай жұмыстар атқарылмаған.
Сол сияқты, Қағиданың 9-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, қорғаншы және қамқоршы органдары жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мүлкінің тізімдемесін жасайды деп көрсетілгенімен, аудандық білім бөлімі жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық органымен 14 жасөспірім балалардың мүлкілерінің тізімдемесі бүгінгі күнге дейін жасалмағандығы анықталды.
Яғни, аудандық білім бөлімінің жанындағы қорғаншы және қамқоршы органымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірім балаларға қатысты бақылау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмей, бұл санаттағы балаларға заңмен белгіленген құқықтары шектеліп әрі олардың мүдделері қорғалмай, жоғарыда аталған заң талаптарының өрескел бұзылуына жол берілгендігі белгілі болып отыр.
Осыған байланысты, аудандық прокуратурамен анықталған заң бұзушылықтардың негізінде аудандық білім бөліміне заңдылықты бұзушылықтарды болдыриау туралы ұсыныс енгізіліп, нәтижесімен бөлімнің осы салаға жауапты 2 қызметкердің тәртіптік жауапкершіліктері көрілген.
Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі


