Жетісудың жалынды жастары «Жетісу көктемінде» бас қосты

    Жетісудың жалынды жастары «Жетісу көктемінде» бас қосты

    «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы және Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен киелі Кеген жерінде өткен ІІ облыстық «Жетісу көктемі» форумына жас тілші-әдебиетшілер қатысты.

    Форумның алғашқы күні әдемі әдеби отырыспен басталды. «Тіл мен әдебиет – егіз ұғым» атты секциялық отырыста Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының директоры, «Дарын» сыйлығының иегері, белгілі ақын Ерлан Жүніс жас шайырларға жырдағы көркем образ, кестелі сөз, қанық бояу, өткір ой, алғыр қиял жайлы айтып, мұхит мәнді, теңіз тектес ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған Жетісулық дүлдүл ақындардың мол арналы, терең ағысты поэзиясына талдау жасап, сөз сәулесі мен сөз салмағын түсіндіріп берді.

    Ал «Жастар – әдебиетіміздің ертеңі» тақырыбындағы секциялық отырыста «Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы облысындағы тілшісі, ақын Қалмахамбет Мұқаметқали тіл мен әдебиеттің қоғамдағы алатын рөліне тоқталды. Заманның болмысына ілесіп, уақыт үніне құлақ асып, жаңа тұрпатты жаңғыруға бет алған Қазақстанның замануи келбетін қалыптастыруға жас буынның қосар үлесі жайында сөз қозғады.

    Әдеби отырыстың соңында таулы өлкеде дүниеге келіп, шыңдарына өрмелеп, асқарына көз тігіп өсіп келе жатқан Кеген ауданының 10 сынып оқушысы Әділет Бекұланұлы жүректен шыққан балаң жырларын оқып, Ерлан ақынның батасын алды.

    Содан кейінгі кезекте, форум делегаттары Көлсайдың көз тояттар тамылжыған керемет табиғатын тамашалап, көзайым болды. Кешкілік алау оттың жанында поэзия кешін өткізіп, жанға рухани азық сыйлады. Поэзия кешін түйіндеу барысындағы мүшәйрада суырып салмалықтан да құр алақан еместігін көрсетті ақындар.

    Келесі күні, Саты ауылының Мәдениет үйінде өткен форумның негізгі бөлімін Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев ашып, жүргізді. Өз сөзінде басқарма басшысы «Жастар ел болашағы десек, әдебиет айдынына бет түзеп, қалам ұстаған жастар – қоғамымыздың болашағы әрі қозғаушы күші» деді. Сондай-ақ, өңірімізде талантты жастардың әр бастамасына қолдау көрсетілетіндігін тілге тиек етіп, атқарылып жатқан істерге шолу жасап, латыннегізді әліпби турасында ой өрбітті.

    Өз кезегінде Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов қатысушыларға шығармашылық табыс тілесе, Қалмахамбет Мұқаметқали мен Ерлан Жүніс тіл мен әдебиет турасындағы өзекжарды ойларын ортаға салды.

    Форумда жастардың атынан сөз алған этнос өкілдері Валентина Талюс пен Наргиза Исмаилова жастарға артылған сенім мен жаңа мүмкіндік үшін алғыс білдіріп, мемлекеттік тілдің беделін арттыруда латыннегізді әліпбиге көшу тарихи шешім екендігін атап өтті.

    Әзірбайжан ұлтының өкілі Эльнара Таштанова болса, бала күнінен қазақ тілін жетік меңгеруді алдына мақсат етіп қойғанын және де қазіргі күні мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлейтінін мақтанышпен айтты.

    «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Жанар Елесбаева «Әліпби-реформасының тиімділігі мен маңыздылығын түсіндіріп, баяндама жасаса, Кербұлақ ауданы Д. Қонаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Кәмшат Чинарбаева мектеп оқушыларына арнап, жаңа әліпбиді меңгертудің тиімді жолы ретінде өзі құрастырып шығарған «Латын әліпбиін үйренейік» атты көркем жазу үлгісі дәптерін жиналған қауымның назарына ұсынды.

    Жас тілші-әдебиетшілерді бір арнаға тоғыстырып, әдеби орта қалыптастыруды мақсат тұтқан дәстүрлі «Жетісу көктемі» форумында талантты жас ақын Әлия Іңкәрбек:

    «...Кегенім, менің Кегенім,

    Жырымды гүл ғып егемін.

    Сырымды жыр ғып төгемін.

    Өзіңнен артық жер бар ма?!

    Кегенім менің, Кегенім!» - деп, туған жерін жырға қосты.

    Жас ақын Қозыбай Құрман мен Мұхтар Күмісбек те хас шебердің қолынан шыққан қамшының өріміндей, қою құрылысты өлеңдерін оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

    Форум соңында барлық жастардың атынан үндеу жарияланып, облыстық «Жастар жырлайды» байқауының ережесі таныстырылды.

    Источник

    Похожие материалы

    gov.5n.kz

    Анализируем открытые данные и публикации официальных источников. Материалы собраны в единой ленте для быстрого поиска и мониторинга.

    © 2026 gov.5n.kz. Информационно-аналитический портал.