
Панфилов ауданы, Жаркент қаласында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен "Тілімнің тұнық тұмасы" атты облыстық дөңгелек үстел өтті. Оған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Роза Азаматқызы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғалымдары, мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған бағдарламасын, Елбасының "Рухани жаңғыру" мақаласын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауын іске асыру бойынша өтті. Дөңгелек үстелді жүргізген А.Башбаев: - Жердің құты саналған жазиралы Жаркент жерi ана тіліміз бен салт-дәстүрiміздің қаймағы бұзылмаған қазақы өңiр. Сурет өнерiнiң дарабозы Әбiлхан Қастеев пен жезтаңдай әншi Дәнеш Рақышев сияқты халқымыздың аяулы перзенттерi осы топырақта дүниеге келген. Сондықтан да облысымыздың дамуында өзіндік айрықша орны бар аймақ – Жаркент өңірінің халқымен жүздескенімізге қуаныштымын. «Тілімнің тұнық тұмасы» – деп, дөңгелек үстеміздің тақырыбы айтып отырғандай бүгін біз мемлекеттік тіл, соның ішінде латыннегізді әліпбиге кезең-кезең бойынша көшу, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жайында сөз қозғайтын боламыз - деп сөз кезегін Панфилов ауданы әкімнің орынбасары Роза Азаматқызына берді.
Дөңгелек үстел барысында А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Жанар Жұмабаева мемлекеттік тілдің маңызы мен мәртебесіне тоқталса, аталған институттың қызметкері Назира Әміржанова ұлттық жазу, оның графикалық және орфографиялық ерекшелігі жайында айтты. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Гүлім Чукенаева латыннегізді әліпбидің тиімді тұстарын халыққа жеткізді. Сол сияқты, Панфилов аудандық "Қазақ тілі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исламғали Піскенбаев, Панфилов ауданы №6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Евгения Бондарцева қазақ тілінің бүгіні мен болашағы жайында өз ойларын ортаға салды. Жиынға қатысушылар мамандарға белсенді түрде сұрақтарын қойып, ұсыныс, тілектерін білдірді.



