
Жаңа әліпбиді меңгертуде ақпарат технологияларының (IT) мүмкіндігі орасан зор. Тілдер мерекесі қарсаңында облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының 15 компьютеріне апробацияданөткізу мақсатында латын графикасымен белгіленген қазақ әліпбиінің пернетақтасы орнатылды. Бүгін онкүндіктің ашылу салтанатынан кейін, «Тіл» оқу-әдістемлік орталығында латыннегізді әліпбидің емле ережелері бойынша курс тыңдаушылары диктант жазу эстафетасына қатысты. Олар диктант мәтінін латын графикалы пернетақта арқылы теріп жазды. Шара соңында диктант жазушылар латын графикасымен белгіленген қазақ әліпбиінің пернетақтасы жайындағы пікірлерімен бөлісті.
« Азаматтарға арналған үкімет » мемлекеттік корпорациясы » коммерциялық емес акционерлік қоғамының құқықтық қамтасыз ету басқармасының жетекші сарапшысы Мешелева Гүлсана Керімқұлқызы: Латын графикасымен белгіленген қазақ әліпбиінің пернетақтасы бойынша диктант жазу – мен үшін өте оңай болды. Әрине, бұл әріптерді күнделікті қолданып жүрмегендіктен, жазу дағдымыз қалыптаспағандықтан жазу қарқыны баяу болды. Әйтсе де, пернетақтада әріптердің орналасуы ыңғайлы.
« Азаматтарға арналған үкімет » мемлекеттік корпорациясы » коммерциялық емес акционерлік қоғамының HR басқармасының HR менеджері Ибрагимова Назугум:
Мұндай пернетақтамен жұмыс жасау яғни, жазу мен үшін қолайлы болды. Мәтін теруді күнделікті жұмыста пайдаланамыз бірақ біз кирилл графикасымен белгіленген пернетақтамен жұмыс жасаймыз. Сондықтан, латын графикасына көз үйрету керек екен. Бір сөзбен айтқанда, маған ұнады.Үйренуге болады.
21751 әскери бөлімінің мемлекеттік тілге жауапты маманы Алханова Гүлзайра Аманғалиқызы:
Бүгінгі латыннегізді әліпбиде диктант жазу мен үшін қиындық тудырды деп айта алмаймын. Өйткені, осы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында латыннегізді әліпби бойынша курсқа қатысып жүрмін. Десек те, тәжірибеміз әлі де болса жетіспейтін сияқты. Мемлекеттік бағдарлама бойынша курс оқып, әскери қызметкерлерге түсіндіру менің міндетім. Сондықтан, барлық сабақтарды мұқият тыңдап, латыннегізді әліпбидің емле ережелерін толық меңгеріп алуға тырысып жүрмін.


