Облыста көркемсөз оқу шебері анықталды

    Облыста көркемсөз оқу шебері анықталды

    Бүгін Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, таланатты жастарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған байқауға облыстың әр аудан-қалаларынан 17-29 жас аралығындағы 17 үміткер қатысты.

    Үміткерлер екі кезең бойынша сынға түсті. Яғни олар Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаевтың 125 жылдығы мен Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай аталған ақын-жазушылардың прозалық, поэзиялық шығармаларынан үзінді оқыды.

    Көркемсөз оқу шеберлерін анықтау үшін облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанов, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к., доцент Сайлау Қожағұлов, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ардақ Сеңгірбаева байқауға қазылық етті.

    Шығарманы мәнерлеп оқумен қатар, әуезді дауыс, әдемі үн және актерлік шеберлігімен тәнті еткен үміткерлер аз болған жоқ. Байқаудың бас жүлдесін ақсулық Ілияс Нұрланбеков жеңіп алды. Ал бірінші орынды Райымбек ауданынан келген Медет Байжұма иеленді. Екінші орынға Балқаш ауданынан келген Ерлан Тахмина мен Ескелді ауданынан келген Мұқият Ділнұр ие болса, байқаудың үшінші орыны Текелі және Талдықорған қалаларының үмітін арқалаған Жақсымбет Ақбота мен Мерейлім Қарабалаева және ілелік Нұрбек Жангабоевқа бұйырды. Жүлдегерлер басқарма дипломымен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

    Байқау соңында сөз алған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев: «Абай әлемі жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Жыл сайын Абай оқуларына қатысуға, ниет білдіруші жастар қатары артып келеді. Дәстүрге айналған Абай оқулары өз жалғасын тауып отыр. Қазіргі жастардың ұлы Абай армандаған биіктен көрінеріне бек сенеміз,» - десе, қазылар алқасы биылғы байқауға үміткерлердің барлығы жақсы дайындықпен келгендігін айтып, қатысушы мен ұйымдастырушыларға ризашылық сезімдерін жеткізді.

    Источник

    Похожие материалы

    gov.5n.kz

    Анализируем открытые данные и публикации официальных источников. Материалы собраны в единой ленте для быстрого поиска и мониторинга.

    © 2026 gov.5n.kz. Информационно-аналитический портал.