
Бүгін Тіл сарайында Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Емле ережелерінің орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтары» атты облыстық конференция болып өтті.
Шараға Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы және «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, білім беру ұйымдары, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аудандық филиалдары, облыстық Полиция департаменті Талдықорған политехникалық колледжінің оқытушылары қатысты.
Алғаш болып сөз алған І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың кафедра меңгерушісі Гүлім Чукенаева «Жаңа емле ережелері – қазақ тілін реформалаудың басты тетігі» тақырыбында көлемді баяндама жасап, латыннегізді қазақ әліпбиінің емле ережелерін бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Гүлім Төлеуқызы өз сөзінде:
- Жазуда дәстүрдің маңызы зор. Өйткені ол графикалық санамен тікелей байланысты. Қазіргі адамдардың барлығының санасында сөздердің графикалық бейнесі бар - деп, төл сөздерді жазуда тарихи-дәстүрлі қағида да сақталғандығын айтты.
Латыннегізді қазақ әліпбиінің емле ережесін көпшілікке таныстыруда жаңа технологиялардың маңызы зор. Осы орайда, Нұр-сұлтан қаласынан келген Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ақпараттық технология және сараптама басқармасының басшысы Нұржан Сейсенбек орталықтың латын әліпбиін меңгерту мақсатында әзірлеген бірнеше IT жобаларымен таныстырды. Олар: Qazlatyn.kz, Tilqural.kz, Sozdikqor.kz порталдары және 2019 жылы шыққан отандық өнім Селтең сері атты 70 минуттық толықметражды мультфильм.
«3D графикасымен жасалған анимациялық фильмде кейіпкер шытырман оқиғаларға тап бола отырып, туған жерді сүю, отанды қорғау, достық пен сенім, ауызберлік сынды жақсы қасиеттерді үйренеді. Мультфильм қазақ тілінде дубляждалған, көрсетілім кезінде дыбысталумен қатар оқиға барысы толық латын негізіндегі қазақ әліпбиінде субтитр берілген. Көрермен анимациялық фильмді қарай отырып, жаңа әліпбимен жазуды да меңгере алады» - дейді ақпараттық технология және сараптама басқармасының басшысы Нұржан Бижомартұлы. Сонымен қатар ол жоғарыда аталған порталдардың бірі әрі маңыздысы, тікелей латыннегізді қазақ әліпбиіне қызмет ету үшін құрылған «Qazlatyn.kz» - ұлттық порталы екенін түсіндірді.
– Порталдағы Qazlatyn көпфункционалды ковертері көпшілікке көмекші болары анық. Өйткені, конвертерде электронды мәтінді кириллден латынға, төтеге және керісінше аудару қызметтерін кез-келген адам пайдалана алады. Пайдаланушы 5000 символға дейінгі мәтінді көшіріп салу арқылы немесе қолмен теру арқылы конвертациялай алады – деп атап көрсетті.
Сондай-ақ Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аға оқытушысы Ж. Елесбаева «Әліпби ауыстыру – қазақ жазуына реформа жасаудың алғы шарты» тақырыбында баяндама жасап, өз тәжірбиесімен бөлісті.
Конференцияға қатысушылар жаңа әліпбиге қатысты көкейлерінде жүрген сұрақтардың жауабын тауып, білімдерін толықтырып қайтты.


