Тіліміздің өміршеңдігі бізге не береді?

    Тіліміздің өміршеңдігі бізге не береді?

    Айна Рахимова, І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы:

    Қазақ жазуының реформасы Қазақстанның әлемдік ықпалдастығы контекстінде іске асуы өте маңызды. Себебі біз жаһандық ғаламның қазанында қайнап, ақпараттық ағымына ілесіп бара жатқан іргелі елміз. Еліміздің ертеңі әлемдік аренадағы келбетімізге тікелей байланысты. Сондықтан тіліміздің ең ұсақ бөлшегі әрбір әріпке деген көзқарас қазақтың әр азаматының болашағына үңілгендей концептуалды пайымнан туу міндет. Елбасымыз қазақ жазуының тарихына өзгеріс енгізу шешімін ең салмақты, байыпты мәселе ретінде асықпай қабылдағаны да осының айғағы. Алыстағы мақсатқа жету үшін біздің «озат ойымыз бен кемел біліміміз» ортаға салынып, еленіп, екшелуі тиіс. «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» (Н.Назарбаев).

    Қанымызға сіңген қасиет демекші, латын жазуына оралуымыз Қазақстаннан тысқары өмір сүріп келе жатқан қазақтарымыздың да тағдырына оң әсер ететініне сеніммен қарауға негіз бар. Бұлай дейтінім, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Еуропа елдеріндегі қазақтардың бізбен еркін түрде жазбаша қарым-қатынас жасауына кепіл болмақ. Тіпті, шетел азаматтарының қазақ тілін игеруге деген ынтасын арттыруға да латын қаріптері өз ықпалын тигізуі әбден мүмкін. Осылайша біздің қоғамдағы жазу реформасының нәтижесі тек Қазақстандағы ғана емес, шетелдегі бауырларымыз бен өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметін арттыра түспек. Бұл біздің Университетіміздің Оңтүстік Кореядағы Ханкук университетімен байланыс жасау барысында шетел азаматтарымен қарым-қатынас кезінде көзіміз жеткен жайт. Мәселен, Орта Азиятану факультетінің студенттері (корейлер) шет тілі ретінде өзбек және қазақ тілінің бірін таңдап меңгереді екен. Таңдауға келгенде көптеген білім алушылар өзбек тіліне ден қояды, себебі, ол тілдің жазуы латынша. Корейлер ағылшын тілін білгендіктен, латын графикасын біледі, сондықтан да қазақ тілін игеру үшін кирилл жазуын игеру керектігін ескере отыра, өзбек тіліне ойысатын көрінеді.

    Сондай-ақ, ең бастысы, кез келген тілдің тірі құбылыс ретінде таралып, дамып, құлдырап, жойылатындығын ұмытпағанымыз жөн. Қазақ жазуын латын қарпіне ауыстыру туған тіліміздің өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Өйткені, тірі ағза сияқты ғасырлар бойы өмір сүретін тіл де қамқорлықты қажет етеді. Тиісті деңгейде қорғалып, дәріптеліп, сақталмаған тіл өлі тілдердің қатарына өтеді және оны әлем тілдерінің тарихы дәлелдеп отыр.

    Сонда тіліміздің өміршеңдігі бізге не береді?

    Қазақ тілі өміршең болса, халқымыздың ұлттық санасы мен құндылықтары бұдан бетер бағаланады; қоғамдық өмірімізде мемлекеттік тілдің әлеуметтік қызметі жоғарылайды; ана тіліміз ғылым мен технологияның тілі ретінде қолданыла бастайды. Бұның барлығы қазақ жазуының, алдымен, қазақтың ұлттық қасиеттерін нығайтуға, екіншіден, қазақ халқының әлемдік ықпалдастықта бірегей ұлыс ретінде өз орнын ойып тұрып алуына кепіл болады.

    Источник

    Похожие материалы

    gov.5n.kz

    Анализируем открытые данные и публикации официальных источников. Материалы собраны в единой ленте для быстрого поиска и мониторинга.

    © 2026 gov.5n.kz. Информационно-аналитический портал.