
Руxани жаңғыруымыздың темірқазығына айналған Латын әліпбиіне өту мәселесі ақыры шешімін тапты. Күні кеше Елбасы қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.
Елбасы Жарлығына сәйкес Алматы облысының «Жаңа әліпби жаңа дәуір бастауы» атты ақпараттық тобы өз жұмысын жалғастыруда.
Бұған дейін өңіріміздің он ауданын аралаған топ мүшелері қасиетті Қаратал және Ескелді аудандарында болып, елмен жүздесті. Қуантарлығы сол, латын әліпбиіне көшу жұмыстарына ел тұрғындары бейжай қарамауда.
ҚАРАТАЛ АУДАНЫ. Аудан орталығы Үштөбе қаласына табан тіреген топ мүшелері әкімдіктің мәжіліс залында өңір тұрғындарымен жүздесіп, латын әліпбиіне қатысты келелі әңгіме қозғады.
Толғауы тоқсан тіл мәселесіне орай өткізілген шараны аудан әкмінің орынбасары Қайрат Қасымов тізгіндеді.
« Латын әліпбиіне көшу арқылы тіл саласындағы жүйесіздіктен арыламыз. Бұл – қазақ тілінің жаңа белесі десек болады » – деді келелі жиынның алғашқы сөзін бастаған топтың белді мүшесі, І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы Гүлім Чукенаева.
– Қазақстан рухани жаңғыруға бет алды. Рухани жаңғыру – ұлттық кодтан бастау алады. Ал ұлттық код қайда дегенге келсек, ең алдымен, тілде сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Қазақ баласының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасатпен шырайланған. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өрістеген, молынан қамтылған.
Ұлт болу үшін ең алдымен оның тілі болуы керек. Тіл мен ұлтты бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Латын әліпбиі біздің қазақтың тілін сақтауға тікелей ықпал етеді. Ол қалай жүзеге асады? Лингвистикада тілдің өміршеңдігі деген ұғым бар. Тілдің өмір сүруге қабілеттілігі деген сөз. Тіл дегеніміз – тірі ағза сияқты. Ол туады, қалыптасады, дамиды. Егер оған жеткілікті деңгейде қамқорлық жасалмаса немесе сыртқы факторлар ықпал ететін болса, онда тіл өледі.
Бүгінгі таңда әлемде 6 мыңнан астам тіл болса, оның ішінде өлі тілдер де бар. Біз әліпбиін алып отырған латын тілі негізінен өлі тіл. Осы тұста айта кетсем, халық арасында «біз латын тілінде сөйлейміз бе?» деген сөз де желдей есіп жүр. Жоқ, қазақтың ана тілі ол – қазақ тілі. Солай мәңгілік болып қала береді. Біз тілімізді ауыстырмаймыз, ауысатын тек қана қаріп пен таңба. Қазір латын тілінде сөйлейтін халық жоқ. Тек әліпбиі тиімді болғандықтан латын қарпіне көшуді ұйғардық», – деген Гүлім Төлеуқызы латын қарпіне көшудің тиімділігі мен маңыздылығы турасында жік-жігін тарқатып айтып берді.
Келелі жиында сөз алған топтың өзге де мүшелері мемлекеттік тілді латын қарпіне көшірудің кезең-кезеңмен жүзеге асырылатындығын айтты. Сондықтан азаматтарға оны игерудің аса қиындық тудырмайтындығына, жаңа әліпбидің әлемдік ғылым және біліммен қарым-қатынаста болу үшін аса қажет екендігіне тоқталды.
Кездесу барысында Үштөбе қаласындағы Б. Римова атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Мұxаметжанова өз ойымен бөлісті. Оның сөзінше, латын әліпбиін меңгеру тек жастар ғана емес, аға буын өкілдері үшін де еш қиындық тудырмайды. « Бұл жолда біз А. Байтұрсыновтың «Оқуға шақыру» атты өлеңін негізге ала отырып, алға қадам басуымыз тиіс » – деді ұстаз.
Көшпелі отырыстың келелі жиыны түс ауа аудан орталығына қарасты Бастөбе, Ескелді би, Жаңа талап ауылдарында жалғасын тапты.
ЕСКЕЛДІ АУДАНЫ. Жұртшылықпен жүздескен жұмыс тобы жұма күні Ескелді ауданының орталығы – Қарабұлақ кентінің Мәдениет үйінде алқалы басқосу өткізіп, жаңа бастама жайында өз ойларын ортаға салды.
Жер жаннаты Жетісудың кіндік қаласы – Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сайлау Қожағұлов «Латынға оралудағы келелі мәселелер» тақырыбына жан-жақты тоқталды. Сайлау Қажыбекұлының елімізде қолданыста болған әліпбилер турасында тарихтан таратып айтқан әңгімесі ел көңіліне қонды.
Топ мүшелері жаңа әліпби қазіргі жазуымыздан мейлінше жетілдірілген, ыңғайлы болатынын, оған көшу арқылы өткен ғасырларда түрлі тарихи, саяси жағдайларға байланысты дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қазақ баласының басын қосуға ықпал ететінін әңгіме өзегіне айналдырды. Бұл шара мұрағаттарда шаң басып жатқан латын әліпбиінде жазылған баға жетпес мұраларымызды зерттеуге мүмкіндік ашып қана қоймай, халықаралық ақпараттық кеңістікке шығуға, ғаламтор жүйесін еркін меңгеруге де жол ашатыны сөз болды.
Келелі жиында халық арасынан топ мүшелеріне сауалдар мен қатар ұсыныстарын айтқан жандар да аз болмады. Дей тұрғанмен, олардың басым бөлігі латын қарпіне көшуге дайын екендігін және қолдайтындықтарын айтты.
Бұл күні топтың белді мүшелері Жетісу, Көкжазық және Сырымбет елді мекендерінде де болып, елмен жүздесіп қайтты.



