
– Латын әліпбиіне көшу - қазақ xалқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз.
Латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңызды – қапшағайлықтармен жүздесуде «Жаңа әліпби жаңа дәуір бастауы» атты ақпараттық топтың белсенді мүшелері осылай деді.
Ақпараттық топ түсіндірме жұмысымен Қапшағай қаласында болды.
Мәдениет үйінде өткен жиынды қала әкімінің орынбасары Қалқабай Ақтанберді ашып, топтың белді мүшелерін таныстырды.
Басқосу барысында топ мүшелері жаңа әліпби туралы өз ойларымен бөлісті. « Латын әліпбиіне көшу – өте маңызды шешім. Себебі, латын графикасына көшу арқылы еліміз өткенімен қауышып, жарқын болашаққа жол ашады » – деген топ жетекшісі Айдар Башбаев латын әліпбиі бізге таңсық дүние еместігін, бұл қаріпті әлемде кеңінен қолданатынын айтты. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатып, түркі және жаһандық әліпбимен ықпалдасуға, сананың жаңғыруына жол ашады деді.
Өз кезегінде сөз алған «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, топтың белді мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев та латын графикасы туралы орамды ой өрбітті.
– Латын әліпбиіне көшу – бұл заман көшіне ілесу деген сөз. Өркениетке қадам басқан еліміз әлемдік ықпалдастықтан тыс қалмауы үшін осындай қадамға баруы заңдылық.
Латын әліпбиін күнделікті тұрмыста, ақпараттық технологиямен жұмыс істеу барысында қолданып жүрміз. Сондықтан бұл бізге жат дүние емес. Осы тұрғыда Елбасының бастамасын толықтай қолдап, жұмыла жұмыс істеуіміз қажет » – деді топтың белді мүшесі Ғалиасқар Төлендіұлы.
Басқосуда ақын, облыстық әкімдіктің ұйымдастыру-инспекторының жұмыс бөлімінің бас инспекторы Гүлбақыт Қасен: « Қазір еліміз үшін шешуші сәт туды. Төл әліпбиіміздің болуы – мемлекеттік тіліміздің беделін үстем етері сөзсіз. Президентіміздің әліпбиімізді латын қарпіне көшіруде «ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызатындығын» атап өтуі, ана тіліміздің халықаралық дәрежеге шығуына ықпал етіп, білімнің, мәдениеттің әлемдік айдынына шығуға үлкен септігін тигізеді. Латын әліпбиіне көшу мәселесінде біздің ұтарымыз көп » –деді. Өз сөзінде ол латын әліпбиіне көшу арқылы рухани құндылықтарымызды қалпына келтіріп, әлемдік өркениет көшіне жедел ілесетіндігімізді айтты.
Жиын барысында қапшағайлықтар латын графикасына қатысты көкейде жүрген сауалдарын да қойып, тұшымды жауап алды.
Бұған дейін облысымыздың он үш ауданында болған «Жаңа әліпби жаңа дәуір бастауы» атты ақпараттық тобы ертең Текелі қаласының, ал қарашаның 10 күні Алакөл ауданының халқымен жүздесуді жоспарлауда.



