
Бұған дейін облысымыздың он үш ауданы және Қапшағай қаласында болған «Жаңа әліпби жаңа дәуір бастауы» атты ақпараттық топ мүшелері кеншілер қаласына да барып, түсіндірме жұмысын жүргізіп қайтты.
Текелі қалалық әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынды қала әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы ашып, топ мүшерін таныстырды.
Басқосуда Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев латын графикасы туралы орамды ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, бірде-бір елде тіл реформасы, әліпби ауыстыру мәселесі осындай кең түрде талқыға салынбаған. Дегенмен, қазіргі қабылданып жатқан шешім – ел дамуындағы түбегейлі бетбұрыс екендігін айтты. « Бұл тәуелсіздіктен кейінгі тарихи маңыздылығы жағынан екінші үлкен қадам деп айтуға болады. Өйткені бұл біздің өркениеттік таңдауымыздың нақты көрінісі » –деді топ жетекшісі Айдар Карбозұлы.
Алқалы жиында сөз алған топтың белсенді мүшелері латын әліпбиіне көшу заман талабы, оның маңызы аса зор екенін айтты. «Латын әліпбиіне көшу – өмірдің қажеттілігі, әлемдік бәсекеге қабілеттілік мәселесі. Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін халықтың ұлттық санасының беріктігі өте маңызды. Рухани тұрғыдан берік ел ғана табыстарға жете алады. «Рухы – өр, тәні – бекем, бұл бір қайсар халық екен» дегендей, қазақ халқының ұлттық рухы – мемлекеттілігіміздің негізі болмақ» – деген топтың белді мүшесі, Талдықорған қаласындағы №25 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айнаш Сағымбекова жаңа технология да, болашақ инновация да латын тілінде, ендеше, көштен кеш қалмауымыз үшін барлығымыз атсалысуымыз қажет екенін тілге тиек етті.
Мұнан кейін сөз алған І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің оқытушысы, профессор Шара Қияxметова латын графикасына көшу туралы кең көлемде мәлімет берді. Профессор өз сөзінде қазақ елі өз тариxында ерекше бір тариxи кезеңді басынан кешуде екендігін айтты. « Бұрын-соңды біз өзіміздің әліпбиіміз болады, соған қол жеткіземіз деп ойлаған емеспіз. Енді сол күнді өз көзімізбен көріп отырмыз. Бұл да Тәуелсіздігіміздің жемісі. Ең бастысы болашақ балаларымыздың өзінің төл әліпбиі болады » – деді ол.
Жиында текеліліктер топ мүшелеріне жаңа әліпбиге қатысты көкейде жүрген сауалдарын да қойды.



