
Талдықорған қаласында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы өтті.
Облыс бойынша 16 аудан мен 3 қалада да бір мезгілде басталған акция маусым айының аяғына дейін жалғасады.
« Осыған дейін аталмыш шара аясында нәтижелі жұмыстар атқарылып келді. Өткен жылдың өзінде 600-ден аса рейдтік тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында 800-ден астам кемшілік анықталып, оның 700-і заңнамалық талаптарға сәйкестендірілді. Үшінші жыл қатарынан өткізіліп келетін акция алдағы уақытта да жалғасын табады.
Тіл тазалығын сақтау қашанда маңызды іс. Қазақ тілінің ертеңі мен болашағы өз қолымызда екенін ұмытпайық! Қаламызға көрік берер жарнамалардың сауатты болуына өз үлесімізді қосайық!» , - деді Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ермек Ақшабаев.
Акция барысында көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың орналасу реті турасындағы қала тұрғындарының пікірін білу мақсатында сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде тұрғындар көрнекі ақпараттардағы қателердің көптеп кездесетінін және аталған шараға белсене атсалысуға дайын екендігін айтты.
Осы күні Талдықорған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмыс тобы шаһардағы бірнеше сауда орыны мен халыққа қызмет көрсету нысандарында болып, рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, аталмыш шараға кез-келген адам қатыса алады. Қате тапқан азаматтар Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына жазбаша түрде, болмаса телефон шалып, хабарлауға болады



